Жер кезегінде 120 мың адам тұр

2188

Облыс орталығы мен аудан-ауылдарды қосқанда, 220 мың адам мемлекет есебінен тегін берілетін жер учаскесінің кезегінде тұр. Олардың жартысынан астамы Шымкент қаласында тіркелген. Бірақ, олардың бәріне бірдей тегін жер учаскесін алу мүмкін болмайды. Мұның себебін облыстық құрылыс басқармасының басшылығы түсіндіріп берді.

Басқарма басшысы Құттыбек Жамашевтың айтуынша, Шымкент қаласында жеке тұрғын үй емес, көпқабатты тұрғын үйлер салуға баса назар аударылады. Қазір облыс орталығында жеке тұрғын үйлердің үлес салмағы көпқабатты тұрғын үйлерден артық. Енді соның үлес салмағын өзгертуге күш салынады.

Құттыбек Жамашев, облыстық құрылыс басқармасының
басшысы: «Өз көзқарасым – жастар ең алдымен тұрғын үй кезегіне тұрып, көпқабатты үйден пәтер алуы керек. Содан кейін барып жағдайы келген кезде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер алғаны дұрыс шығар. Бір жағынан қаражатты да үнемдеуге мүмкіндігі болады. Жер кезегіне тұрған 120 мың адамның бәріне береді деп айта алмаймын. Бұл менің де құзырымдағы тірлік емес. Біз қазіргі негізгі күшті көпқабатты тұрғын үй салуға бағыттап отырмыз. Қалада сондай болғаны да дұрыс деген ойдамын».

Жамашевтың сөзінше, жер теліміне кезекке тұрғандардың санын азайту үшін қазір әкімдік жер учаскесін беруді емес, жеке тұрғын үйі бар жерді беруді қолға алып отыр екен. Осы мақсатта Бозарық және Бозарық-2 шағынаудандарынан 104 гектар жерге бір типті 766 жеке тұрғын үй салынады.

Өткен жылы жер телімдері анықталып, жобалау жұмыстары басталыпты. Мұндай дайын үйлерді жер учаскесіне кезекке тұрғандар өз қаражатына не «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатып алуына болады. Мұндай үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы 120 мың теңгеден аспайды екен.

Бұл жеке тұрғын үйге қатысты жоспар болса, бұдан бөлек осы жылы ондаған көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бас-талады. Осылайша жыл соңына дейін барлығы 730 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру көзделіпті. Мұның қатарына «Шымкент Сити» қалашығының аумағындағы үйлер де кіреді. Өткен жылы облыста 721 мың шаршы метр, яғни 7500-ге жуық пәтер иесін тапқан.

Құттыбек Жамашев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
— Қазір «Шымкент сити» аумағында бітіп тұрған үйлер де бар. Бірақ, оларға инфрақұрылым жетпей тұр. Пайдалануға жақындап қалған дайын үйлер де бар. Осы жылдың жазында алғашқылары беріліп қалуы мүмкін.

Баспана кезегі баяу жылжиды

Шымкентте жер телімін алуға кезекке тұрғандардың саны 100 мыңнан асып жығылса, баспана кезегіндегілердің саны 40 мыңға жуықтайды. Жылма-жыл пәтер үлестіру тоқтамағанымен, кезек қатары да азаяр емес. Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен тұрғын үй қатынастары бөлімі басшыларының тұрғындармен кездесуінде осы кезек мәселесі көп айтылды. Кезекке таласқан кейбір тұрғындар тіпті өзара тәжікелесіп те алды.

«Достық» шағынауданында әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына салып берген коттедждердің жайы да сөз болды. Мұндағы бір коттеджде 4 отбасы тұрады. Нысан тұрғын үй қатынастары бөлімінің балансында болғандықтан қоныстанушылар жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Сондықтан да олар не жөндеу жұмысын жүргізіп беруді, не жекешелендіруді сұрайды.

— Қашан кезегім келеді? Қай уақытта? Мен осылай 10 жыл бойына алты баламмен жүре береміз бе? «Қазақстанды көтереміз» дейсіздер де «2-3 баласы бар адамдарды жылап-еңіреп жүр» деп айтасыздар?! Бізді үйде жекешелендіріп беріңіз. Әрмен қарай өзіміз үй салып алайық. 1 млн 400 мың теңгені төле деген маған керек емес. Ондай ақшаны төлей алмаймын. Ол үйді демеушілер салып берген. Сіздердің құқыларыңыз жоқ,-дейді қала тұрғыны.
Жауапты сала мамандарының бұл уәжге айтар өз жауабы бар. Бөлім басшылығының сөзінше, бұл үйлерді тек уақытша мерзімге берген.
Гүлнар Әшірбаева, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары: «Ол үйлерді жекешелендіру жолдары бойынша сіздерге бірнеше мәрте түсіндіргенбіз. Сатып алу үшін 1 млн. теңге құю керек. Ондай ақша болмаса, 11 жылға бөліп төлейтін жолын да айтқанбыз».

 

 

Аз пайызбен ипотека

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие беру үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 24 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржыға банк салымшылары 5% көлеміндегі жеңілдетілген мөлшерлемемен алдын ала және аралық займдар алады. Сол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шотында 30% көлемінде ең төменгі алғашқы жарна жинау қажет.

«Қазір банк қоржынында 30% көлеміндегі алғашқы жарнасы жинақталған 33 000-нан астам депозит бар. Бұл шоттардың иелері мемлекеттік бағдарламаға қатысып, кредиттік тұрғын үй ала алады. Қажет жарна қаражаты бар депозит саны бойынша Астана және Алматы қалалары көш бастап тұр. Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының тұрғындары да тұрақты түрде салымдарын толықтырып отырады», — дейді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.