Әкімдер ән айтты

496

Ерекше ән. Ерекше мән. Ерекше сән… Шымкент қаласының әкімдігі биыл халықаралық әйелдер мерекесін ерекше атап өтті. Түрлі салаларда табысты еңбек етіп жүрген ханымдар мен көпбалалы аналарды алдыңғы лекке шығарып, ерекше құттықтау жолдады.

Бүгінде 7 баладан тәрбиелеп отырған Батыр аналарға «Алтын алқа» тағып, құрмет көрсетті. Бүгінгі қыз, болашақ аналарға осы батыр аналардан үлгі алуға үндеді. Әкімшілік қызметкерлері тосынсыймен таңқалдырды.

Қала әкімі аппаратының басшысы, әкім орынбасарлары аналарға арнап ән салды. Бұдан кейінгі кезекте қаланың бас сәулетшісі Нұрлан Архабаев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов бастаған топ «16 қыз» әнін орындап, би билеп, ханымдардың көңілін көтерді. Қаладағы төрт ауданның әкімі де өнерден құралақан емес екендіктерін көрсетті.

Ана туралы ән шырқап, егер сахнаға шығар болса талай әншіні шаң қаптыратындықтарын байқатты. Ыстық ықылас, ыстық лебіз бәрі, бәрі де әлемнің әсем жаратылысы — әйелдерге арналды. Жаттанды сценарийден аулақ, жүрекке жылы тиер лебіздермен жүректерді тебірентті. Әлемнің әйелдермен ғана мәнді, әйелдермен ғана сәнді екенін сезіндірді.

Гүлжан Көшерова