Еліміздегі дін саласының заңмен реттелуі жалғасады. Осы мақсатта 3 кодекс пен 9 заңға діни қызмет пен діни бірлестіктер мәселелеріне қатысты барлығы 53 өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Бұлардың қатарында шетелде діни білім алу, баланың мешітке баруы, сыртқы діни атрибуттар, діни сенім мен неке қатынастарына қатысты жайттар бар. Облыстық орталық мешітте өткен семинарда дінтанушылар мен имамдар сол өзгертулерді неліктен енгізілетін имамдарға түсіндірді.
Қазақстанда барлығы 18 діни конфессия мен 3658 діни бірлестік бар. Заңдағы өзгертулердің бәрі де солардың қызметін зерттеу үшін енгізілгелі отыр. Мұның ішінде шетелде діни білім алуға қатысты тыйымдар да бар. Сондай-ақ, дінге сенетіндер мен дінге сенбейтіндердің сезіміне құрмет білдірмеу мен намысына тию жайы да қаралады.
Асылбек НОҒАЕВ, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің директоры: «Шетелдерде діни білім алуға байланысты регламентте- шетелде оқығысы келген адам алдымен осы Қазақстанда жоғары діни білім алуы керек. Содан кейін барып, шетелде қалаған оқу орнында оқи берсін. Яғни, жүрегіндегі фундаментті осы отандық діни-таным тұрғысынан, қазақстандық мектеп тұрғысынан қалыптастырсын. Содан кейін шетелдерге бара беруіне болады деген мәселе. Екінші бір мәселе — діндарлар мен дінге сенбейтін адамдардың ар-ождан мәселесі қаралған. Мысалы, біреулерге «сен діндарсың», біреулерге «сен неге дінге сенбейсің» деп тіл тигізуге мына заң бойынша тыйым салынады. Өйткені, қоғамдағы үлкен мәселелердің бірі осы. Әлеуметтік желілерді қарап отырсаңыз, адамдар бір-біріне осы сенім тұрғысынан намысқа тиіп, ар-ожданына тиетін жағдайлар көп болып жатыр»
Және бір елеулі өзгеріс – 16 жасқа толмаған балалардың мешітке бару жайы. Дінтанушылар, мүфтият қызметкерлері зерттей келе, балалардың мешітке келуін ата-анасының бақылауында болуы керек деген қорытынды жасаған.
Бауыржан ЕСМАХАН, ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти: «Балалардың, жасөспірімдердің мешіттерге, діни бірлестіктерге бару негізі, заңнамада 16 жас деп көрсетіліп жатыр. Бұл жерде кейбіреулер «әркім өзінің 16 жастағы баласын «қолыммен міндетті түрде мешітке баруым керек пе, менің қолым тимей жатса, жұмыста болсам, не істеймін, ал ол жұма намазына бару керек» деп ойлап жатыр. Заңнамада осы мәселе қарастырып жатыр. Жетектеп, қолымен ұстап жүру шарт емес. Ата-ана баласының мешітке барып жүргенінен хабары болуы керек. Мүмкін ол жерге сенімхат берілуі керек. Осымен шектелетін қылып, бұл заңнама әлі де осылай талқыланып жатыр»
Айта кетсек, қазіргі таңда елімізде барлығы 2500-ден астам мешіт тіркелген. Олардың басы бөлігі, яғни 820-дан астамы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан.
Жәнібек НҰРЫШ