Егер ауыл-ауылды аралап, «өмірі өнегеге толы, ұрпаққа үлгі болар жан бар ма екен?» деп іздесеңіз, кез-келген қазақтың жерінен алтын да, ардақты аналарымызды тауып ала қоятыныма көзім жетті.
Өткен ғасырдың ең қиын соғыс жылдарында бала болып асыр сала алмай, ерте есейген, өңкей ері жоқ — майдан жалмаған ауылда азамат орнына трактор айдаған, бойжеткен шағында тылда белі қайысып еңбек еткен, бертінгі бейбіт жылдары өмірдің бейнетін кешіп, он құрсақ көтеріп, қоғамның жүгімен қоса қазақтың санын көбейткен асыл аналарымызға бұл күні алтыннан ескерткіш тұрғызсақ та, оның өтеуі мен өлшеусіз құнын бере аламыз ба!
Қайыспас қазақ әйелінің бейнесін сомдаған, мен үшін аналар эталоны болып табылатын осындай қадірлі ананың бірі — Жәмила Дүйсебаева. Жәмила апа табиғаты әсем, саф ауасын тамсанып жұтар таудың етегіндегі Жабағылы ауылының тұрғыны, Алла ғұмыр беріп, жасы кеше ғана 101-ге толды. Ғасыр жасаған кейуананың айтары көп, әрине. 1917 жылдың қары еріп, жердің тоңы жіби бастаған көктемінде дүниеге келген ол ауыздан ана сүті кеппей аштық пен жоқшылықтың дәмін татты.
Ел-жұрт қаһарлы жұттан енді еңсе түзеймін бе дегенде, соғыс басталып кетіп, Жәмила қыз жиырмадан асар шағында трактордың рөліне отырып, колхоздың жерін жыртып, бидайын екті. Одан атақты Киров каналын қазумен жүрді. Күні-түні темір атты тізгіндеп, қалжырағаны сондай, түн ауа трактордан түсе сала, қара жерге жата қалып, ұйықтаған кездері де болған.
«Кесекті жастық еттім, көрпем – топырақ болды, қарағым, несін айтайын…» – дейді ақ жаулықты әже артта қалған естеліктерін есіне алып. Одан кейінгі жылдары құдай қосқан қосағы Мамытпен алты баланы өмірге әкеліп, өсірді-өндірді. Мамыт ата мен Жәмилә апаның арасы жиырма жас, сонда отағасы 1898 жылы туылып, ол кісі 2000 жылы 102 жасында дүние салды. Екеуі де өмір бойы тізе қосып, таңның атысы кештің батысы колхоздың қара жұмысын атқарды.
Бұл күнде апаның алты баласынан өрбіген 29 немересі, 74 шөбересі, 7 шөпшегі бар. Міне, үбірлі-шүбірлі деген осы шығар. Апаның өзі қазір кенже ұлының қарауында, келіні қолын жылы суға салып, баладай аялап күтеді. Біз осындай құтты шаңырақтың дастарханынан дәм-ауыз тиіп, апаның берген батасын алып қайттық.
Құралай Ахмет