«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы «Арай-2018» облыстық өнер байқауының бас жүлдегері Ержан Өксікбай және ұйымдастыру алқасының өкілі және облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі Шолпан Құрманғазықызы:

– Ержан, кеше ғана бас жүлдені қанжығаңа байладың. Әсеріңмен бөліссең…
– Байқаудың шарттарымен көп жұмыс істедім. Облыстық байқауда бас жүлдені бірінші рет алып отырмын. Мен үшін үлкен жетістік. Керемет сезімге бөлендім. Музыкалық білім алғаным өзімнің әжетіме жарады. Соған да қуандым. Үлкен апайларыма, мұғалімдеріме рахмет айтамын.
– Шолпан ханым, сайыстың деңгейі қалай болды?
– Биылғы байқаудың ұйымдастырылуы ерекше болды. Бүгінгі қазақ эстрадасының жұлдызына айналғандардың басым көпшілігі «Арай» байқауы арқылы танылғандар. «Жігіттер» квартеті, Асқар Жүнісбеков, Алтынай Жорабаева түлеп ұшқан. Биылғы байқаудың жаңа жұлдызы Ержан Өксікбай болып отыр. «Ақынға қара сөзден өлең оңай..» дегендей әншіге қара сөзден ән айтқан оңайырақ. Жүлдегеріміз толқып отыр… Бірінші рет осындай деңгейге жетіп отыр. Биылғы жылы ерекшеліктермен толықты. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен және облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен байқау жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Өткен жылдардан бері ауданда тәлімгерлер бекітіліп, ол жақтан іріктелген жүлдегерлерді облысқа алып келді. Ал биылғы жылғы ерекшелік әділқазылық жасауды тәлімгерлерге бердік. Жасырын түрде емес, ашық түрде дауыс беру арқылы жеңімпаздар анықталды. Бағалар қойылды.
– Жүлде қоры қанша болды?
– Бас жүлде 300 мың теңге.
– Бас жүлдені алуыңа себепкер болған қандай ән болды?
– Түлкібас ауданының сазгері Рысты Әбікенқызының «Астана – арман қала» әні. Сөзін Гүлбала Әбуова жазған. Осы ән маған жеңіс сыйлады.