Бүгін – Алғыс айту күні

2491

Алғыс айту күні қазақ жерін мекен ететін халықтардың нәубетті жылдарымен тығыз байланысты. Бұл мереке биыл елімізде үшінші рет аталынып өтуде. Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытудың қазақстандық құндылықтарын бейнелейді.

Біздің халқымыз қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Бұрын-соңды болмаған соғыс, ашаршылық секілді азапты күндерді көрді. Соған қарамастан тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұлт үйірілген қаншама ұлтқа пана бола білді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды десек артық айтқандығымыз емес.

Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келіп, қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлттар қазақ халқына шексіз риза. Өйткені, олар дархан даламыздан жылу, пана тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз отаны деп санайды. Жергілікті халықтың тілін, дінін, ділін, дәстүрін сыйлайды.Әрине, мереке біздің менталитетке сай емес деушілер табылар. Дегенмен, жылдың бір күнінде не үшін рақмет айту керек екенімізді ойлана жүрсек артық етпейтін секілді. Көптеген адамдар материалдық жағынан толық қамтамасыз етілген болса да, алғыс айта білмегені үшін рухани кедей болып қалып жатады.

Бұл – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Осы мереке тарихымыздағы ең ауыр да, қиын кезеңді ұмытпауға шақырады. Алғыс айту күні –қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн. Біздің халық бас сауғалап келген ұұлт өкілдерін Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» дегендей бөліп-жармай, қолындағы барымен бөлісті.

Нанын, суын берді.Бұл әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен әрі асыл діннің нәрімен бойымызға дарыған тектілік пен адамгершілік, дархандық пен кемеңгерліктің ең биік үлгісін көрсетсе керек?! Мұндай ерлікпен мақтануға болады. Ата-бабамыздың тектілігі мен адамгершілігін жас ұрпақ бойына сіңіруіміз керек-ақ. Демек Алғыс айту күні жай кезекті ұрандармен емес нақты тәрбиелік және тағылымдық іс-шаралармен өткізу қажет. Қазақ әрбір ұлт мақтана бермейтін ерлігі бар халық. Түптеп келгенде бұл Елбасы айтқан ұлттық кодымызды сақтап қалуға жасалған қадамның алғышарттарының бірі. Аталмыш мерекенің де басты міндеті осы.

Құран Кәрімде:
«Сонда Мұса өз еліне: «Алланың сендерді Перғауынның әулетінен құтқарып, өздеріңе жасаған игілігін еске алыңдар. Олар, сендерді – ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қалдырып, ең жаман азапқа салатын еді. Міне, осында сендерге, өздеріңнің Раббыңнан үлкен сынақ бар»,-деген еді. Әрі сонда сендердің Раббың: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер, шын мәнінде азабым өте қатты» — деп жариялады» (Ибраһим сүресі, 6-7 аяттар) деген аят бар. Бұл аятта Мұса (ғ.с.) пайғамбар халқының басынан өткерген адам төзгісіз қиындықтарынан Жаратқан Алла құтқарғандығын ескерте отырып, тұтастай бір елдің бейбіт те тыныш өмір сүруі өлшеусіз бақыт екені айтылады. Ал, осы мамыражай бейбіт күндердің баянды болуы шүкіршілікпен келетіні асыл дінімізден белгілі. Мұны сөз тауысып айтып жатудың өзі артық. Ендеше қазақ жерінде өмір сүріп жатқан халықтардың осы жердің байырғы тұрғындары, яғни, қазақ халқына алғыс айтуы заңды. Бұл талай ұлт пен ұлысты ұйыстырған Қазақстан секілді мемлекеттің рухани өміріне оң әсерін тигізері даусыз ақиқат.

Ең бастысы алғыс айту жақсылық істеген адамға емес, сол жақсылықты көрген адамға аса қажет екенін ескерген жөн. Сөзімізді дәйекті ету үшін шариғатқа жүгіне кетейік. Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаятында:
«Кімде-кім адамға алғыс айта алмаса, Алла Тағалаға шүкіршілік ете алмайды», — деген хадис бар (Тирмизи).

Аталмыш хадис түсіндірмесінде: «Алла Тағалаға шүкіршілік ету оған бойұсыну және әмірлеріне бағынумен мойындалады. Ендеше, Алла Тағаладан келген жақсылыққа себепкер болған адамдарға алғыс білдіру Алла Тағалаға бойұсыну болмақ…», — дейді. (Тухфат Ахуази кітабынан) Жоғарыдағы хадисті кеңірек түсіндіретін мына бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ішінде Алла Тағалаға ең көп шүкіршілік ететіндері — адамдарға алғыс айта білетіндері»,-деген (Ахмед, Табарани)
Мұның сыры, Алла Тағала адамдарға нығметтерін адамзатқа таратуда пайғамбарларды, сахабаларды және ғалымдарды дәнекер етті. Әрине, шынайы нығмет беруші – Алла. Ол кейбір нығметтерін дәнекерсіз береді. Адамзатты он екі мүшесін сау етіп жаратуы соның бір дәлелі.

Ал, кейбір нығметтерін басқа бір адамның қолы арқылы береді. Міне, осыған орай дін ғалымдары: Егер шайтан Алла Тағалаға жетелейтін шүкіршіліктен де жақсы жол болса, шайтан сол жолдың бойында отырып азғыратын еді.

Құран Кәрімдегі: «Содан кейін оларға алдынан, артынан, оң жағынан және сол жағынан келемін. Сөйтіп, Сен олардың көпшілігін шүкір етушілер ретінде таппайсың» (Ағраф сүресі 17-аят) деген аятты оқымайсың ба?» -деген екен. Байыбына барып, аңдасаңыз, бұл аятта азғыру арқылы шайтан адамдардың сабырын емес, шүкіршілігін алуды мақсат ететіндігі айтылады. Құран Кәрімнің:

«Біз Мұсаны мұғжизаларымыз бен: «Еліңді қараңғылықтардан жарыққа шығар және Алланың күндерін олардың естеріне сал»,-деп жібердік. Ақиқатында, мұнда әрдайым сабыр, көп шүкір етушіге ғибраттар бар»,-(Ибраһим сүресі, 5-аят) аяты да соның бір айғағы болса керек.

Зуннун Мысри жақсылыққа алғыс білдірудің жолы жайлы:
«Өзіңнен жоғары тұрған адамға алғыс – бойұсынумен, өз деңгейлесіңе алғыс – рахмет айтумен, ал өзіңнен төмен адамға – жақсылық жасаумен болады», -деген екен.
Хадис ғалымы Мұхаммед бин Хиббан: «Жақсылық жасалған адам алғысын жақсылықтан да абзал етіп немесе сол деңгейде қайтаруы тиіс. Өйткені, жақсылыққа алғысты артығымен етсе де жасалған жақсылықтың дәрежесіндей болмайды. Жақсылыққа алғыс ете алмаған адам ауызбен алғыс білдірсін. Өйткені, жоқ кісінің ауызбен айтқан алғысы жақсылық орнына жүреді» -деген екен. Көкірек көзі ояу адам Алла аманатына ешқашан қиянат жасамайды. Басқа түскен қиыншылықта еңсесін түсірмейді. Бұл шүкіршілік пен сабырлықтың сыналар шағы деп түсінеді.

Аз жақсылыққаалғыс айта алмаған адам көбіне шүкіршілік те етпейді. Ал, нығметтің артуы мен көбеюі және пәлекеттің беті қайтуы Алла Тағалаға шүкіршілік етумен және дәнекер болған адамға алғыс айтумен болады»,-деген екен («Раудат Ъуқалә уә Нузһәт Фудалә» кітабынан).

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде:
«Кімде-кім сіздерге жақсылық әкелсе, оған ақысын қайтарсын. Ал қайтара алмасаңыз, оған дұға-тілек жасаңыз», -деген (Табарани).

Сахаба Сағид бин Ас (р.а.) Мадина қаласында көше бойлап келе жатып бір үйден су сұрайды. Үй иесі су беріп шығарып салады. Келесі жолы сол үйдің жанынан өтіп бара жатып: кім көбірек береді? -деп жар салып жатқан дауысын естиді. Қызметкеріне: Барып сұра, не сатып жатыр? — дейді. Қызметкері үй иесінің қарызы бар екенін айтады. Сағид бин Ас барып, үйге кірсе қарызын сұрап келген кісі отыр екен.

Үйдің қожайынынан мән-жайды сұрай келе берешек төрт мың динары барын білген соң лезде қызметкер өзінің үйіне жөнелтеді. Қызметкер жігіт бір қалта динар алып келеді. Сахаба сол жерде төрт мың қарызын қайтарып, қалған ақшаны үй иесіне беріп кетеді. Міне, бұл үй есінің шын пейілмен берген бір кесе суы үшін білдірген алғысы еді.

Құран Кәрімде:
«Жақсы жердің өсімдігі Раббысының рұқсатымен жақсы шығады. Ал, нашар болғандікі жұтаң болып шығады. Біз аяттарды Алланың игіліктеріне алғыс білдіретін адамдар үшін, осылай етіп түсіндіреміз» (Ағраф сүресі, 58-аят) деген аят шүкіршілік пен алғыс айта білудің көптеген жақсылықтарға себеп болатындығын астарлап жеткізсе керек.
Әз-пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алғыс айту жөнінде:

«Кімде-кім жақсылық көрсе айта жүрсін. Кімде-кім айтса шүкіршілік еткені, ал жасырып қалса қайырымсыз болғаны»-деген сөздері көп мәселенің сырын ашады.(Табарани)

Жер беті дамылсыз соғыс соққыларынан алған жарақатынан емделу үшін әрі адамзат мейірімділікке аса мұқтаж уақытта мұндай айтулы күн ауадай қажет.
Сондықтан, Алғыс айту күні еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтуымен қатар баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға да қала берсе барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық.
Бақтыбай қажы Бейсенбаев,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының ОҚО бойынша өкіл имамы