Жақсылық жасау хайп па?: Шымкенттік тұрғын мұқтаж жандардың қарызын жауып жүр

18

Шымкенттік тұрғын мұқтаж жандардың дүкендегі қарызын жауып жүр. «Қарызсыз – қазақ» деген атаумен челлендж бастаған азаматқа қолдау білдіріп, істі жандандырып жатқан жомарт жандар да баршылық көрінеді. Жақсылық жасаудың дәл осы жолын таңдаған ақынмен тілшіміз тілдесіп қайтты. 

Қажымұқан Абзалов ерекше челлендж бастады. Ол дүкендерге кіріп мұқтаж жандардың қарызын жауып береді. Алғашында өзі бастаған бұл жақсылыққа кейіннен қолдау білдіруші демеушілер де пайда болған. Қайырымдылықтың неге дәл осы жолын таңдағанын ол былай түсіндірді.

Қажымұқан Абзалов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Дүкенге кіріп қарызын жаба алмай жүрген көмекке мұқтаж жанды сұраймыз. Дүкеншілер көбіне олардың отбасылық жағдайынан хабардар болады. «Мынау көпбалалы, мынау қиналып жүр, мынаның әкесі түрмеде» деген сияқты барлық оқиғаларды айтып береді. Сол дүкеншілермен сөйлесу арқылы ең мұқтажын таңдап аламыз да, жай сыртынан қарызын жауып кетеміз».

Қажымұқан Абзалов демеушілермен бірге осы күнге дейін 10 шақты жанның қарызын жауып берген. Талай жанның қуанышына себеп болған ол, түрлі жағдайға да тап болғанын жасырмады. Оның сөзінше, дүкеншілердің өздері қарызды жабатын сәті де болады екен.

Қажымұқан Абзалов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бір дүкенге қарыз жабуға барсақ дүкенші ең мұқтажын тапты да, бірақ мұны жаппай-ақ қойыңдаршы дейді. «Неге?» деп сұрасақ, анасы балаларына вермишель, пісте май, алуға келіп, қарыз жаздырып кетеді. Ал екі баласы ертесіне көшеде ішіп жүреді. Олар қалай араққа ақша табады да, тамаққа ақша таппайды?! Сол балалардың мына қарызды жапқанын күтіп жұрмін. Олар жаппаса өзім өшіре саламын деді дүкенші».

Ал, жасаған жақсылықты әлеуметтік желіде бөлісу қаншалықты дұрыс? Асыл дінімізде бұған не дейді?

Мұхамеджан Естеміров, ҚМБД Шымкент қаласы бойынша наиб имамы: «Бұл да бір жақсы нәрсе деп ойлаймыз. Ізгіліктің бір нышаны деп есептейміз. Бірақ мүмкіндігінше оны жария қылмастан, ол адамның бет бейнесін көрсетпеген дұрыс. Сыртынан ғана түсіріп, оның аты аталмағаны дұрыс. Жалпы ол адамның алдағы өміріне кері әсерін тигізбейтіндей болу керек»

«Қарызсыз қазақ» челленджін желіге жариялаудағы мақсат – жанашыр жандарды жақсылыққа шақыру дейді Қажымұқан Абзалов. Ал, сіз бұл тұрғыда не дейсіз?