Бекарыс Шойбековты бір мезетте 67 мың оқушы тыңдады

1028

«Өнегелі бір сағат». №8 мектеп-гимназиясында осындай тақырыпта онлайн режимдегі тағылымдық шара өтті. Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің ұйытқы болуымен өткен жиында оқушылар «100 жаңа есім» тізіміне енген, ҚР Мәдениет қайраткері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, айтыскер ақын Бекарыс Шойбековты онлайн түрде тыңдады.

Жастарға үлгі боларлықтай азамат 40 минут бойы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бәсекелік қабілет, прагматизм, білімнің салтанат құруы сынды негізгі 6 басымдылығына тоқталды. Айта кетейік, Бекарыс Шойбековтың тағылымды ойларын бір мезетте өңіріміздегі 1038 мектептің 67 260 жоғары сынып оқушылары тыңдауға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта бұл жоба әр он күн сайын жүзеге асады және сөз сөйлейтін тұлғалар ауысып отырады деп жоспарлануда.

Бақытжан Әшірбеков, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі: «Әр жоба сайын кейіпкерлеріміз өзгеріп отырады, соған сай тыңдаушыларымыз да өзгереді. Мысалы, бүгін Бекарыс Шойбековты әдебиетсүйер жастар тыңдауға келсе, келесі жолы Зейнеп Ахметованы шақырамыз, ол кезде қыздар мен нәзікжанды ұстаздар қатысады. Солай жалғаса береді».