Биыл 8 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі

1296

Бүгін белгілі болғанындай Шымкент қаласында биылғы жылы 8 мектеп күрделі жөндеуден өткізіледі. Сала мамандарының айтуынша бұл білім ошақтары әбден тозығы жеткен кеңестің көзі. 1980 жылдары қолданысқа берілген.

8 мектептің бесеуінде бұған дейін күрделі жөндеудің бірінші кезеңі өткізілген. Ал үш мектепте жыл сайын ағымдағы жөндеу ғана жүргізілген, күрделі жөндеу мүлдем болмапты. Жөндеу жұмысы жүргізіледі деген №47 мектептің бүгінгі жағдайымен біздің тілшілеріміз танысып қайтқан еді .

Күрделі жөндеу жүргізіледі делінген мектептің бірі 1 175 орындық Төлеген Тәжібаев атандағы №47 мектеп. Білім ошағы басшыларының айтуынша 1983 жылы құрылысы басталған нысан 1987 жылы қолданысқа тапсырылыпты. Сол уақыттан бері бірнеше мыңдаған шәкірт білім алды бірақ ғимарат күрделі жөндеуден өткізілмеген. Жыл сайын әктеп сырланған десе де 30 жылдың ішінде бұл білім ошағы әбден тозыпты. Кеңестің көзі болған есіктері ашылса жабылмайды, терезелері жылу ұстауға қауқарсыз, едендері мен кәріз жүйелері шіріген.

Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Болат Асылбеков
«Мектебіміздегі ең бірінші мәселе кәріз жүйесі. Шатыры бұрын қара қағаз жабындысы болған. Кейінірек шиферға ауыстырдық. Терезелері де нашар. Мектеп ғимаратының әбден тозығы жеткен» дейді.

Қалалық білім бөліміндегілердің айтуынша Шымкент қаласында 130 мектеп бар, жыл сайын бюджеттен бөлінетін қаражатқа 10-ға тарта ескірген мектептер күрделі жөндеуден өткізіледі. Биылғы жоспар 8 мектеп. Ол үшін бюджеттен 2 млрд. 236 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. 8 мектептің бесеуінде жөндеудің бірінші кезеңі жүргізілген. Ал үш мектеп биыл алғаш рет жөнделеді.

Бұдан бөлек биыл қала бюджеті 118 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына да 218 млн. теңге қаражат қарастырыпты. Мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы сол білім ошақтырының жылу жүйелерін сығымдаудын өткізіп қысқа дайындайды және әктеп сырлап жаңа оқу жылына сақадай сай етулері қажет.

Нұрлан Күдерұлы