Дербес бюджет: Ауылдағы бар мәселені шеше ала ма?

669

Бұрын ауылдар ауданға арқандаулы-тын. Дербес бюджеті жоқ, кіріс көзі тағы жоқ болғаннан кейін ауданға жалтақтайтын да отыратын… Жыл басынан бері жергілікті басқару жүйесі енгізіліп, дербес бюджетіне өзі иелік ететін жағдайға жетті. Енді «гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз»… Бұл бастаманы жыл бойы маңызды милардың ішінде қайнаған революциялық ұсыныстардың бірі де бірегейі деуге боларлықтай. Дегенмен дербес бюджет ауылдың жыртығы мен тесігін бүтіндей ала ма? Мәселе осында…

Ауыл әкімі қоғамдастық мүшелерімен кеңеседі

Биыл жергілікті басқару жүйесі енгізіліп, ауылдағы ағайынның маңдайы жіпси бастады. Салықтың бірнеше түрінен түсетін қаржыға өздері би, өздері қожа. Жаңа жүйенің арқасында ауылдықтар енді жоғарыға елеңдемей елді мекеннің олқы тұстарын опырып, кемшін шаруасын керте алатындай мүмкіндікке ие болды. Бүгінде Оңтүстік Қазақтан облысындағы 175 ауылдың әкімдігіне дербес бюджет берілді.

Ауыл әкімі қаптың аузын ұстаушы емес. Басқарушы. Үйлестіруші ғана. Ал жиналған қаражатты қоғамдық кеңестің ұйғарымымен ең қажетті деген мәселенің түйінін тарқатуға жұмсайды. Қажетті шаруаға бағытталған қаржы мен атқарылған жұмыстың сапасын ауыл жұрты өздері қадағалайды. Бұрын ауданға құйылатын қаржы енді ауыл бюджетінің өз есебінде болады. Яғни, жер мен мүлік, көлік пен табыс салығы ауыл бюджетінің бүйірін бұлтитпақ.

Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны белгілі. Бұл тарапта қоғамдық кеңестің атқарар ролі зор. Ауыл аймақтың қай тұсы олқы екенін бағамдап жүретін ардагерлер кеңесі, ауыл билері аталған кеңестің мүшелері болып табылады. Бұдан бөлек өзі тұрып жатқан мекеннің гүлденуі үшін әрбір ауылдық азамат атсалысуына да кедергі жоқ. Әсіресе ауылдан шыққан белгілі кәсіпкерлер туған жерін түлетуге зор көмегін көрсетсе «керек емес» дейтін адам болмасы анық.

Ал ортақ қазанға түскен кіріс көзін көбейту, орны-орнымен үнемдеп жұмсау ауыл әкімінің қарым-қабілетіне байланысты. Жыл басынан бері салық салу базасын нақтылау мақсатында мемлекеттік дерекқорлар туралы мәліметтер салыстырылып, қайтадан жаңартылды. Жылжымайтын мүлік бойынша тіркелмеген нысандар тиісті органдар тарапынан тіркеу жүргізілді. Бұл өз кезегінде ауыл бюджетіне түсетін түсімді көбейтеді.

Ауыл әкімшілігіндегі мамандардың біліктілігі қай деңгейде?

…Бұл да орайластырылған. Ұлттық экономика министрлігі «Зерде» оқу орталығымен бірлесіп арнайы оқу курсын өткізіп тұрады. Бұдан бөлек ақпараттық түсіндіру топтар аудан, ауылдарға барып дербес бюджетті игеру мәселелері бойынша семинарлар өткізіп жатыр. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталықтары болса екі мыңнан астам ауыл әкімін, экономика, қаржы бөлімдерінің мамандарын оқытқан. Оның үстіне ауыл округінің әкімдіктері мамандарын 3 ай, 6 ай аралатып біліктілік жоғарылату курстарына жіберіп отырады.

Облыс бойынша елдімекен, ауыл-аймақтар 181 ауыл әкімдігіне біріктірілген. Қазіргі таңда тек соның алтауының ғана дербес бюджеті жоқ. Өйткені, халық саны 2 мыңнан аз. Олар мұндай мүмкіндікке 2020 жылдан кейін ғана ие болады. «Қол бірікпей, ине ілікпейді». Ендеше ауылды абаттандыруға, туған жерді түлетуге сүбелі үлес қосу әрбір ауылдықтың басты міндеті. Оған тек әкім ғана алашапқын болып жүгірмей, әр тұрғын өз үлесін қосса ғана ауыл көркеймек. Ілкімді жаңалық қалғып кеткен ауылдағы өгіз аяңды селт еткізді. Ары қарай бойына қан жүгірту ағайынның қолында. Сұры қашқан, қызығы кеткен ауылдың осылайша тамырына қан жүгіре бастады. Әр адамның кіндігі байланған ауылдағы ортаның ошағының отын көсеу де ауылдағы азаматтардың басты парызы.

Еселі еңбекке берілген баға ел алғысымен өлшенбек. Ауыл әкімдері мұны естен шығармаса игі. Елдің теріс батасын емес, ақ алғысын тілеген елдің да айтары осы…

Ғалымжан Дүйсенбаев, Мичурин ауылдық округінің әкімі: «Мичурин ауылдық округіне төрт ауыл – Майтөбе, Қожамберді, Көксағыз және Таусағыз ауылдары кіреді. Ауылдық бюджетке көлік, жылжымайтын мүлік, жер салығынан түсім түседі. Қоғамдастық кеңесімен келісілген ұсыныстар негізінде жұмыс атқарудамыз. 4 елді мекенде 7 153 тұрғын бар. Ауылдық округ бюджетіне 7 млн 150 мың теңге салық түседі. Басым бөлігі абаттандыруға, санитарлық тазалық, көріктендіру жұмыстарына жұмсалады.

Мамандарымыздың біліктілігі жоғары. Дер уақытында жергілікті өзін-өзі басқару бойынша семинарларға қатысады. Бухгалтер, заңгер одан басқа да мамандарымыз мемлекеттік қызмет басқармасы тарапынан ұйымдастырылған семинарларға үнемі қатысып, біліктіліктерін жоғарылатып отырады. Осы уақытқа дейін елді мекендерімізде басты проблема ауыз су болатын. Майтөбе ауылындағы су құбыры 1965 жылдары салынған. Бұған дейін жөндеу көрмеген еді. Былтыр толығымен жөнделіп, таза ауыз суға қол жетті… Қоғамдастық кеңеске әр ауыл бойынша 11 адам мүше.

Оның ішінде Ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл билері бар. Күзде, желтоқсан айында арнайы кеңес өткізеді. Бюджет қаржысы қайда жұмсалуы қажетін шешеді. Біз ұсынысымызды айтамыз. Көпір жөндеу керек пе, көгалдандыру керек пе, соның барлығын кеңес мүшелері кеңесе отырып шешеді. Әкімшілік қызметкерлеріне жалақы аудандық бюджеттен субвенсия ретінде беріледі. Ауылдан түсетін салық көзінен алынбайды. Әрине ауылдың бар проблемасын шешіп тастауға салықтан түсетін қаржы жетпейді. Дегенмен ауылды көркейту үшін қолдан келгенше жұмыс атқарудамыз.

Гүлжан Жұмаш