Түркістан облысында 720 ауыл ауыз сумен қамтылды

49

Түркістан облысында сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 86 пайызға жетті. Биыл өңірде тіршілік нәрін ауылдық жерге жеткізу бойынша 72 жоба қолға алынды. Оның 46-сы жыл соңына дейін аяқталады. Алайда кесте бойынша су ішіп отырған тұрғындар да жетерлік. 

Түркістан облысында 833 елді мекен бар. Оның 86 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Алайда 206 ауыл әлі күнге тіршілік нәрін кестемен ішіп отыр. Мамандар жыл сайынғы жөндеу жұмысының арқасында көрсеткіш жақсарып келе жатқанын айтады.

Руслан Мұздыбеков, ТО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Созақ ауданында 5, Жетісайда 4 елді мекен үздіксіз су беру жүйесіне көшті. Құрылыс жұмыстарын жүргізу нәтижесінде. Енді қамтылмаған 113 елдімекен бар. Оның ішінде 62-сіне орталықтандырылған ауыз су апаратын, КБМ орнатылатын 51 елді мекен қалып отыр».

Биыл 72 нысанда құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Оның 46-сы осы жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал 26 жоба келер жылға өтпелі. Басқарма басшыларының баяндамасын тыңдаған өңір басшысы бірқатар ескертпе айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Су деген күттірмейтін мәселе ғой. Тариф мәселесін шешіңіздер. 7 ауылдағы өздеріңіз айтқан жұмыстарды соңына жеткізу керек. 216 ауыл суды кезекпен ішеді деп отырсыздар. Оны де шешуге болады. Сіздер қазір тек жіберген ақпаратпен отырсыздар ғой. Үлкен-үлкен нысандарға өздеріңіз барып, зерделеу жүргізіңіздер. Сол кезде мәселе шығады».

Айта кетейік, 2018 жылы облыста 622 ауыл ауыз суға қол жеткізген болса, қазір меже 720-ға жетті. Оның ішінде 7 қала мен 713 ауыл елді мекен бар. Нәтижесінде 2 млннан аса тұрғын сапалы тіршілік көзіне қол жеткізді.