Нұрғабыл Қозыбай: “Ауа – райын болжау туралы кітабым шығады»

1054

“Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы жұлдызшы Нұрғабыл Қозыбай:

— Жалпы наурыз айында ауа-райы қандай болмақ?
— Бүгінде қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде жұмыс істеймін. Облыстағы барлық шаруалар менімен хабарласып тұрады. Шаруалар «алдағы көктемде құрғақшылық бола ма, егінді қашан ексек болады?» деп сұрауда. 15-16 наурызда өліара болады. 17 — сі күні жаңа ай туады. Жаңа ай туардың алдында табиғаттың заңы бойынша өліара болады. Осы кезде күн суытады. 14-15-16 наурызда күн суық болады. Таулы аудандарда қар аралас жаңбыр жауады.

17-ші наурыздан бастап жаңа ай басталады. Кейде ай көрінбейді. 18 күні жаңа ай көрінеді. Содан бастап жаңа айға қарап ауа райын болжаймыз. Наурыздың 18 — нен бастап күн жылынуы тиіс. Жалпы қазақ халқы қой баққан, қой бағып жүріп ой баққан өте дана халық қой. Көшпенді халық көшіп жүріп табиғаттың тілін түсінетін болған. Қалай қарай көшу керек, малдың жәйі қандай болады ол үшін ауа райын болжаған. Ата — бабамыз болжағыш қасиетімен де көзге түскен. Бұл өз алдына бір ғылым. Мен қазір осы ғылыммен айналысып жүрмін.

Осы ғылымды бір жүйеге түсіріп алдағы уақытта кітап шығармақпын. Сол кітапты оқыған адам өзі — ақ ауа — райын болжай беретін жағдайға жетеді. 22 наурыз күні ауа райын болжауда төрт түрлі жолы бар. Сол күні жаңбыр жауатын болса, солтүстік облыстарда қар жауса онда алдағы жыл жаңбырлы болады. Бұл бірінші нұсқа. Осы күні алабұлтты болса, күн шығып бір жоғалып тұрса онда ол жылы жаңбыр орташа, керек кезінде жауып, егінді болмақ. Ал үшінші нұсқада күн шақырайып шығып тұратын болса, онда құрғақшылық болады. Төртінші нұсқа бойынша күн қанқызыл болып ататын болса онда ол жылы жұт болады. Осы төрт түрі бойынша болжам жасауға болады. Алдағы келе жатқан көктем, жаз айлары жаңбырлы болады. 22 наурыз күн мен түн теңескенде ұлыстың ұлы күні табиғаттың ең сыр беретін күні тағы да болжам жүргізетін боламыз. Одан кейін 23-24 наурыз күні біз алдағы жылдың қандай болатынын 90 пайыз айтатын боламыз.
— Айдың орналасуына қарап қалай болжауға болады?
— Айдың көрінгенінде келесі ай ауысқанға дейін бір айға болжам жасауға болады. Егер ай шалқалап туса, аталарымыз айтқан «Өзіне жайлы, шаруаға жайсыз» деген. Оны қарапайым халыққа түсінікті болуы үшін мен түзеттім. Егер ай шалқасынан туса сол айда жаз болса жаңбыр көп жауады, егер қыс болса онда қар көп жауатын болады.