Тасарық гидробекетінің жұмысы ауқымды

781

Республикалық «Қазгидромет» мекемесінің оңтүстікте филиалы бар. Оған 14 метеостанция мен 27 гидробекет қарайды. Әрқайсысында білікті мамандар қызмет етеді. Өңірдегі ауа райын, өзендердегі судың деңгейі, температурасын, таудағы қардың қалыңдығын жіті бақылап отырады. Біздің түсіру тобы бұл жолы Төлеби ауданындағы Тасарық метеостансасының жұмысымен танысып қайтты.

Қайрат Жүнісов Тасарық гидробекетінің бақылаушысы. Күнделікті жұмысы Сайрам су өзенінің ағысын бақылап, деңгейін, судың температурасын таңғы және кешкі мезгілде өлшеу. Осы жауапты қызметті атқарғанына биыл жеті жыл болыпты.

Қайрат Жүнісов, Тасарық гидробекетінің бақылаушысы: «Қазір өздеріңіз байқағандай мен судың деңгейін анықтадым. Деңгейі 6 см. Судың температурасы +0,2 градус».

Сайрам су өзенінің қыр-сырына қанық тәжірибелі маман қаңтар айында өзен суының ағысы бірқалыпты, ең төменгі деңгейі тіркелгенін айтады. «Алайда табиғаттың тосын мінезі барын ұмытпаған да жөн»,- дейді бақылаушы. Алда көктем. Ауа райы жылынса,таудан бастауын алатын Сайрам су өзені тау шыңдарында еріген қардың және тау етегіндегі бұлақ суымен толығады. Сол кезеңде өзеннің ағыны күшейеді. Бұл құбылыстар сала мамандарының назарынан тыс қалмайды. Барлық мәлімет өңірлік Қазгидромет қызметіне жіберіледі.

Төлеби ауданындағы ғасырдан аса тарихы бар Тасарық метеостанциясында алты маман қызмет етеді. Метеоалаңшада ауа райын, атмосфералық құбылыстар, ауаның қысымы, желдің екпінін, қардың қалыңдығын анықтайтын құрал, аспаптар орналасқан. Метеоролог Сейілхан Ниязымбетов өлшемдерді бітірген бойда мәліметтерді облыс орталығында орналасқан өңірлік Қазгидромет қызметіне жібереді.

Оңтүстік өңірінде аудандардағы ауа-райын бақылайтын 14 метео, 6 автоматтандырылған, 5 агрометеостанция бар. Қардың қалыңдығын, көшкінін қадағалайтын арнайы топтар да бар. Сондықтан да төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында гидробекеттердегі және метеостанциялардағы мамандардың мәліметтері негізінде дайындалған Қазгидромет қызметінің болжамдарына тұрғындардың құлақ асып жүргені абзал. Тасарық гидробекеті облыс орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан.

Шынар Оразова