Өңірдегі №1-ші деп белгіленген автомобиль жолының жәйі не болады? «Шаңырақ» елді мекенінің тұрғындарын осы мәселе алаңдатады. Шымкент қаласын Сайрам тұрғын алабымен қосатын бұл жол мәселесі аудан, қала, тіпті, облыс әкімдерінің жылдық есебінде көтерілген еді.
«Содан бері де бір айға жуық уақыт өтті. Бірақ бірде-бір жауапты азамат ауылдықтарға келіп, мән-жәйді түсіндірген жоқ», — деп ашынады ауыл ақсақалдары.
Ұзындығы 2,5 шақырымдық кең жол іске қосылса Шаңырақ елді мекеніндегі 300-ге жуық отбасының қаламен және Сайрам тұрғын алабымен қатынасы жеңілдейді .Ауыл тұрғындарының айтуынша жол құрылысын жүргізіп жатқан «Отау Строй» ЖШС — і Сайрам су өзенінің көктемгі және күзгі буырқана тасуын ескермеген, жолдың су шаю қауіпі бар бөлігін бетондамаған, нәтижесінде қыруар қаражатқа салынған жол сапасыз болды деп ашынды.
Оңғар Кенжебеков, Шаңырақ ауылының төрағасы: «Мына жолдың деңгейін бірнеше метрге төмендетіп жіберген. Карердің орнын таспен толтырып, үстіне асфальт төсей салды. Кейін біздің айқайымыздан соң қайта тас төгіп тастаған болатын. Сонда да жолдың деңгейі төмен».
Құрылысшылардың атқарған жұмысымен келісе алмаған тұрғындар шағымдарын түрлі деңгейдегі әкімдердің кездесулерінде жиі көтерді. Ол жол бөлігі 200 метрді құрайды. Бұл бір десеңіз елді мекен ішіндегі жол да оңып тұрған жоқ. Бір шақырым асфальт төселсе мұндағы қоғамдық көлік қатынасы да реттелер еді. Әзірге жолаушылардың қатынасы қиын.
№1 автожолдың құрылысы 2015 жылы басталған. Мердігер «Отаустрой» ЖШС -і құрылыс үшін бөлінген 600 млн. тенгенің 400 млн. теңгесін игеріпті. Нәтижесінде жолдың 70 пайыз жұмысы аяқталған. Құрылысқа тапсырыс берушілер биыл жол пайдалануға беріледі деп сендірді.
Абай Тұрханов, қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы: «Біз ол елді мекенге барып, тұрғындармен кездестік. Айтылған кемшіліктер жойылады және биыл жолды тапсырамыз. Сол кезде қоғамдық көлік мәселесі де шешімін табатын болады».
Міне, осылайша Шаңырақ елді мекені тұрғындарының көтеріп жүрген мәселесі оң шешімін табады дейді шенеуніктер. Ал көпшілік әлі де болса жолдың сапасына күмән туғызатындықтарын жасырмады және бұл мәселені соңына дейін жеткізетіндіктерін айтты. Олай болса күн жылына басталатын жол құрылысы ақ қараны анықтайтын болады.
Нұрлан Күдерұлы