Шымкентте террористік топтың қызметіне қатысқан тұрғынға қатысты сот отырысы аяқталды. Әл-Фараби аудандық соты жат ағымның жетегінде кеткен Ерболат Айтахуновты кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырды, -деп хабарлайды inform.kz

Облыстық соттың мәліметінше, 46 жастағы тұрғынға Қылмыстық кодекстің 257-бабы «Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу» бойынша айып тағылды.

«Оның қылмысы тәкфірлік теріс көзқараста болған. Ол Кавказға, Әзербайжанға барған. Содан ары өтіп, Иран арқылы Сирияға барған. Ауғанстанда болған. Ондағы мақсатын кәпірлерге қарсы күрес дейді. Террористік актілер жасау, дегенмен өздері де мақсаттарын толық білмейді. Тек теріс көзқарастағы адамдардың жетегімен, солардың айтуымен жүрген», – деді облыстық соттың Қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Зияддин Пірнияз.

Сондай-ақ, Қылмыстық алқаның төрағасы сот үкімі күшіне енбегенін атап өтті.
Осыны ескерген айыпталушы сот үкімімен келіспейтінін білдіріп, оны облыстық соттың аппеляциялық алқасына қарауға өткізгенін айтты.