Сириядан оралған қыздың айтары бар…

129

Қазақстан 2019 жылдан бастап «Жусан» операциясы аясында Сирияға кеткен азаматтарды елге қайтаруды қолға алды. Ал бүгінгі таңда үшінші мегаполисте «от ортасынан қайтқан» 17 азаматша тұрады.

Небәрі 22 жастағы бойжеткен неліктен Сирияға кетті? Кім себеп болды? Оның қазіргі жағдайы қалай? Толығырақ бейнематериалда.

Шымкент мектептерінің бірін тәмәмдаған бойжеткен бір ер азаматпен танысады. Оның әкесі мен атын өзгертуді сұраған Мадинаның ата-анасы жақсы таныс болған екен. Бір-бірін ұнатқан олар шаңырақ көтеріп білім алу үшін Египетке аттанады. Ал онда кейіпкеріміздің жары Түркияға барамын деп шешім қабылдапты. Оған да амалсыз көнген қыз, басында оның не ойлағаны бар екенін білмедім дейді.

«Күйеуім бірінші Сирияға жол жүріп кететін болды. Бірақ маған ол туралы еш нәрсе айтпады, түсіндірмеді. Тек барасың ба деп сұрады. Мен де күйеуім қайда болса сонда барамын деген ой болды», дейді Мадина.

Жолдасының артынан 20 күннен кейін Мадина да Сирияға жол тартты. Жарының ара-тұра ғана отбасына келетінін айтқан ол, жолдасының қаза болғанын 1 жарым жылдан кейін ғана есітіпті. Тіпті ол кезде қайда жерлегенінен де хабарсыз болдым дейді.

«Ол бір жерде күзетші болып тұрған кезінде оны атып жіберген. Інісі денесін алып келді».

Күйеуінің қазасынан кейін де аш қалған жоқпыз деген Мадина оған әлдекімдердің қол ұшын созып тұрғанын жеткізді. Азық-түлік, киім-кешек тіпті ақшамен де қамтамсыз етіп отырыпты. Және оның екінші рет тұрмысқа шығуын қалаған. Ал ол алғашында қарсы болғанымен кейіннен амалсыз көнген. Сөйтіп бір қазақ ер азаматтың екінші әйелі болуға келісім береді. Бірақ ол да 3 жылдан соң мерт болады.

«Қайтыс болған кезде мен соғысуға шығып кеттім деп кеткен. Содан кейін қайтыс болғаны туралы ақпар келді», дейді.

Бұдан кейін елге оралғысы келсе де жүрексініп жүрген қызға Қазақстаннан «Жусан» операциясын жүзеге асырушы азаматтар келеді. Тізімге алғаш болып жазылған Мадина 2019 жылы аман-есен отанына қайтады. Қазірде өзегі өкінішке толы қыз мұндай жағдайға түспес үшін білімді болу керек дейді. Ал қазір екі перзенттің анасы әке-шешесімен бірге тұрады. Балалары сабаққа барады, ал өзі жұмыс істейді.

«Құрбан болдық. Қорқыныш, психологиялық соққылар тіпті балаларымда да болды. Ал қазір мен бақытты адаммын деп айта аламын. Денім сау, баларымның дені сау. Адам жас болған да көп нәрсені ойланбайды. Көзіне не көрінеді соны жасайды. Білім алу керек. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғару керек. Ақ қараны ажырата алу тиіс. Ол үшін тағы да білімінің маңызы зор», дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде үшінші мегаполисте Мадина сияқты Сириядан келген 17 азаматша бар. Сала мамандары олардың дәстүрлі исламға бейімделуі үшін әр ай сайын кездесу өткіземіз дейді. Ал ер азаматтары 5 жылдан 7 жылға дейін темір торға тоғытылған.

Теологтардың айтуынша теріс діни ағымды насихаттаушылардың басым бөлігі оңтүстікте шоғырланған. Ал жат ағымның арбауынан жастарды арашалап алудың ең тиімді жолы, ата дініміздің артықшылықтары туралы көбірек ақпар беру арқылы діни сауатын арттыру дейді.

Мөлдір Ибадуллаева