«Жаңа күн» бағдарламасының кезекті қонағы қалалық спорт бөлімінің басшысы Намазбай Әбдіқұлов:
— Көктемнің алғашқы күнінен бастап спорт саласында жұмыстар қайнап жатқан болар?
— Бүгінде қаламызда өткізіліп жатқан спорттық шаралар өте көп. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша қалалық мектептер арасында кең таралған спорт түрлері волейбол, футбол, баскетбол, гандболдан жарыстар ұйымдастырылуда. Лига ойындары басталды. Білім бөлімімен бірлесе отырып жасап жатырмыз. Қазіргі уақытта спортқа деген жастардың қызығушылығы өте жоғары. Биылғы жылы наурыз айынан бастап теннистен іс шара өтіп жатыр. Халықаралық дәрежедегі жарыс болғаннан кейін Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан теннисшілер келді. Жастарды салауатты өмір салтына баулу, спортқа деген қызығушылығын арттыру үшін көптеген жарыстар ұйымдастырылуда. Жастардың темекі тартып, ішімдік ішу, есірткі сынды жаман әдеттерден аулақ болуы үшін спорттың атқарар ролі зор. Спорт арқылы патриоттыққа да тәрбиелеу басты міндеттердің бірі.
— Үстел теннисін үлкен жарыстарда емес, жәй ермек үшін саябақтарда ойнайтын. Ресми спорт түрінде емес, ойын сауық ретінде қарайтындар жоқ емес. Қаламызда үстел теннисін ойнайтын орындар бар ма?
— Қаламызда үстел теннисін ойнайтын орындар бар. Болашақта үлкен база керек. Үлкен теннистен базамыз бар. Оған әлемнің түкпір түкпірінен чемпиондар келіп ойнауда. Болашақта жақсы бір жоба қабылданып үстел теннисінен өз алдына керемет база салып берсе артықтық болмайды. Шымкентте спорт жақсы дамып келе жатыр.