Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің талаптары өзгеруі мүмкін

543

Қазақстандықтарға арзан ипотеканы беруге арналған «7-20-25» бағдарламасын қабылдағаннан кейін осы саладағы қазіргі талаптарды өзгертуге тура келеді, деп хабарлайды inform.kz.

Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бөлек ипотекалық бағыт ретінде қолға алынуы әбден мүмкін. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасына кіретін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстанның ипотекалық компаниясы бұрынғыдай жұмыс істей береді. Дегенмен, осы саладағы бәсеке қыза түседі. Сондықтан «Нұрлы жердің» қазіргі талаптары қайта қаралмақшы.

«Мәселен, Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаның шарттарына шыдай ала ма, жоқ па, оны айту қиын. Дегенмен, біз Тұрғын үй құрылыс банкінің де, Қазақстанның ипотекалық компаниясының да жұмысын қайтадан қараймыз. Енді, ол жердегі берілетін несиелердің жағдайын дұрыстау керек, жеңілдетуіміз керек», — деді М.Жайымбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты ҚР Ұлттық банкі жанынан 7 проценттік ипотеканы беретін жаңа компания құрылады.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, арзан ипотека бәріне жетеді.  Министрліктің есебіне сәйкес, «7-20-25» бағдарламасы арқасында қазақстандықтардың біразы баспана мәселесін шеше алады.