Бизнеске қойылатын артық талаптарды жою үшін бірқатар заң актісіне өзгерту енгізіледі

21
фото Бақ.кз

Бизнеске қойылатын артық талаптарды жою үшін 66 заң актісіне өзгерту енгізіледі. Бұл туралы  Үкімет отырысында айтылды. Ұлттық экономика министрілгі бірыңғай пулды қалыптастыру үшін 15 сала бойынша түзетулерді жинақтап қойған. 17 сала бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Кәсіпкерлікті жаңа талаптармен реттеу тетіктері арқылы 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндер саны 4,7 млн адамға жетеді деген болжам бар. Үкімет отырысында Премьер-Министр осылай деді. Атқарылатын жұмыстар мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазір бизнесті реттеу шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап анықталып отыр. Әлихан Смайылов Үкімет бизнестің сындарлы ұсыныстарын қолдауға қашанда дайын,- деді. Жалпы бизнестің тұрақты да, табысты қызметіне бірінші кезекте, мемлекеттің өзі мүдделі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: «Жаңа шарттарға сәйкес келмейтін талаптарды жою үшін заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізуді жылдамтату керек. Осы актілерді қайта қарап, биылғы жылдың 31 наурызына дейін тиісті салалық бұйрықтарды қабылдау қажет барлық мемелкеттік органдарға. Мемлекеттік қолдау шаралары бизнестің табысын ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрақты жалақы мәселелерін де шешу керек».

Кәсіпкерлікке қойылатын міндетті талаптар тізімі қажет кезде қайтадан қаралып, реттеліп отырады. Яғни, орынсыз, бірін-бірі қайталайтын немесе тиімсіз талаптарды анықтау және алып тастау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Үкімет басшысы бизнеске қойылатын артық талаптарды жою бойынша заңнамалық өзгерістердің уақытылы қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, бірінші жартыжылдықтың соңына дейін мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жұмысын аяқтау қажеттігін баса айтты.