Заңсыз балық аулаушыларды атқаны үшін шартты жазаға кесілді

421

Арыс аудандық сотының төрағасы А.Ертаев Қазақстан Республикасы ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігінің 2 тармағымен айыпталған З.Р. — ға қатысты қылмыстық істі көшпелі сот отырысында қарады.

Көшпелі сот отырысы Арыс ауданы Байырқұм ауылында өтті. Көшпелі сот отырысына прокурор, айыпталушы, жәбірленушілер, адвокаттар, ақсақалдар, кәсіби емес медиаторлар және ауыл тұрғындары қатысты.

Сот анықтағандай, сотталушы З.Р. жануарлар әлемін қорғау инспекторы қызметін атқарып жүріп, Сырдария өзенінде инспекциялық топтың құрамында бола тұра, заңсыз балық аулап жүрген азаматтарды ұстау барысында, қызметтік қарумен ауаға екі рет ескерту ретінде атып, үшінші рет жәбірленушілердің қайығына қарай атқан, нәтижесінде жәбірленушілерге қызметтік қаруды қолдану арқылы дене жарақаттарын салған.

Соттың үкімімен сотталушы З.Р. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігінің 2 тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 3 жыл мерзімге табиғатты қорғау органдарында жұмыс жасау құқығынан айырылды, Қазақстан Республикасының ҚК-нің 63-бабымен тағайындалған жаза шартты деп танылды.

Сот отырысы аяқталғаннан кейін сот төрағасы А.Ертаев көшпелі сот отырысына қатысқандармен пікір алмасып, шығарған үкімнің негіздерін түсіндірді.

Судья көшпелі сот отырысын өткізудің басты мақсаты халық арасында осы тектес жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың орын алуының алдын алу, сотталушылар жасаған қылмыстары үшін айыбын қоғам алдында сезініп, өздеріне тиісті нәтиже шығару екенін айтып өтті.