Түркістанда 5 мың адам тұрғын үй кезегінен шығарылды

34
фото Уақыт.кз

Түркістан облысында заңсыз тұрғын үй кезегіне тұрған азаматтар анықталды. Тексеру барысында 5 мың адам тіркеуден алынған. Ал қазір өңірде баспанаға үмітті 63 мың адам бар. Сондықтан өңір басшысы айтулы мәселеге аудан әкімдеріне тапсырма берді.

Түркістан облысында 5000 адам тұрғын үй кезегінен шығарылды. Олардың тіркеуге заңсыз тұрғаны анықталды. Осылайша қазір баспанаға мұқтаж жандар саны 63 мыңды құрады. Сонымен қатар өңірде мемлекет тарапынан жалдамалы пәтерді негізсіз алғандар да бар болып шықты.

«Мемлекеттен субсидия алып отырған 3000-нан аса азаматтың субсидиясы тоқтатылды. Себебі пәтерді заңсыз алғаны анықталды. Осыған байланысты министрлікке тиісті өзгерту енгізу туралы ұсыныс берілді», – дейді Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.

Субсидиялық заңдылықты бұзғандардың басым бөлігі Жетісай мен Сарыағаштың тұрғындары. Өңір басшысы мұны сауатты мамандардың жетіспеушілігімен байланыстырады. Сондықтан аудан әкімдеріне тапсырма берді.

«Үйі жоқтың күйі жоқ». Халықтың тұрмыс сапасын танытатын маңызды көрсеткіш – баспана. Мұқтаж жандарды баспанамен қамту, олардың тұрмысын түзету, әлеуметтің әлеуетін арттыруға мұрындық болу – әр әкімнің міндеті. Мамандарды дайындау, оқыту керек. Егер ол да мүмкін болмаса шара қолдану керек», – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Айта кетейік, өңірде былтыр 900 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбаыға баспана кілті табысталды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.