Жыл басынан бері облыста 4 адамның ажалы судан болған. Оның 3-уі кәмелет жасына толмаған балалар дейді шомылу маусымына қатысты арнайы брифинг ұйымдастырған төтеншеліктер.
Құтқарушылар былтыр осы кезеңде мұндай жағдайдың бірі де тіркелмеген деп отыр. Күн жылымай жатып, жайсыз жағдайлардың жиілеп отырғанына құзырлылар да алаңдаулы. Айтуларынша мұндай оқиғалар көбіне шомылуға рұқсат етілмеген су айдындарында орын алады. Сондықтан да ата-аналар балаларына судағы қауіпсіздік шараларын үйретіп, қырағы болуы тиіс. Ал сақтыққа селқос қарағандардың ісі сотта қаралып, жаза көріледі дейді олар.
Төтеншеліктер құтқарушылар мен қажетті құрылғылар жеткілісіздігін де жасырмайды. Мәселен, бүгінде өңірде небәрі 94 құтқарушы жұмыс істейді екен. Ал жуырда Шардара су қоймасында орын алған суға бату оқиғасы түнде болған. Түн жарымда балық аулауға шыққан жергілікті тұрғын қайық аударылып, суға кеткен. Суыт хабарлама түсіп, құтқаруға келген арнайы жасақ өкілдеріне оның денесін іздестіру де оңайға түспегенін айтады.