Төтеншеліктер жастар форумын өткізді

141

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті жастар жылына байланысты «Жалынды жастар – Қазақстанның жарқын болашағы» атты форум өткізді.

Департаменттің жас мамандары, орта оқу орындарының оқушылары, 6506 әскери бөлімінің сарбаздары, департаменттің басшы құрамы, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы А.Алибеков, Шымкент қ. Полиция департаментінің қызметкері Н.Тасболат, Шымкент қаласының ТЖД ардагерлер кеңесінің төрағасы В.Витков қатысты.

Жастардың патриоттық сезімдерін арттыру, мамандық таңдаудың алдында тұрған жастарды азаматтық қорғау органдарының қатарына тарту, жас қызметкерлердің азаматтық қорғау кіші жүйесінің дамуына үлестерін қосу, жедел-қызметтік жұмыстары барысында өз міндеттерін абыроймен атқарып, біліктілігін арттыру жиынның басты мақсаты. Форумда ТЖ департаментінің ерекше көзге түскен жас мамандары жетістіктерімен бөлісті.

Өткен жылдың  3 шілдесінде  Шымкент қаласындағы «Қазығұрт» шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінде орын алған өрт оқиғасында көрсеткен ерлігі үшін Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы жасағының инспекторы Нұрлан Тасболат «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.

Таяуда ғана Шымкенттегі «Құрсай» шағынауданында орын алған өрт кезінде, батыл әрекет жасап, жас бүлдіршіндерді өрттен аман қалуына септігін тигізген №49 қалалық жалпы орта мектебінің 1 сынып оқушысы Арайлым Алтынбекқызына сыйлық берілді.

Жанар Есенбекова