«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»: 18 кітаптың маңызы талқыланды

1324

Бүгін Республиканың барлық өңірлерінде бір мезетте «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 18 кітаптың маңызы талқыланды. Облыс орталығындағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғимаратына зиялы қауым өкілдері мен білім қызметкерлері жиналды. Мамандар ана тілінде жарық көрген шетелдік кітаптар жайлы өз ойларын ортаға салды.

Аймақтық әлеуметтік-иновациялық университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Асқар Үсенов әлемдегі ең үздік университтетердің таңдаулы оқулықтарының мән-маңызын түсіндірді. Айтуынша, 18 жаңа оқулық экономика, тарих, тіл білімі, жалпы әлеуметтік және гуманитарлық салаларды қамтиды. Батыс білімінің інжу-маржанын мемлекеттік тілде оқып-білуден тағы бір ұтарымыз жастардың ана тілінде ойлап, қағазға түсіруде жетіле түсуіне себін тигізеді.

Асқар Үсенов, Аймақтық әлеуметтік-иновациялық университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі: «Аударылған кітаптардың арасында Греегори Мэнкьюдің «ЭКОНОМИКС» кітабы бар. Бұл кітапты Гарвард университеттерінде студенттерді оқытуда пайдаланады. Гарвард университеті әлемнің ең үздік университеттерінің бірі. Демек, қазақтілді оқырмандар Гарвард университетінде экономиканы оқытатын кітаптан білім алуға қол жеткізді. Бұл Мемлекет басшысының бастауымен қолға алынған істің арқасында болып жатқан өте оңды тірлік, деп білемін. Кітапта нарықтық экономика туралы айтылған. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. 1993 жылы «Экономикс» деген кітапты 100 долларға сатып алғанмын. Ал сол кезде мен тұратын аудандағы пәтер бағасы 200 доллар болатын. Қазір сол кітаптар қазақ тіліне аударылып, тегін болып отыр».

Әлемнің ең озық, заманауи, таңдаулы 100 оқулығының қазақ тіліне аударылуы зиялы қауым өкілдерін бей-жай қалдырмады. Бұл бастамаға алғашқылардың бірі болып ақын-жазушылар қолдау көрсетті. Қуаныштарын былайша жеткізді.

Мархабат Байғұт, жазушы: «Ақын-жазушылар бұл бастамаға әуелден қолдау білдіріп, қуанған болатынбыз. Мұның басты ерекшелігі кітаптардың басқа тілден қазақ тіліне тікелей аударылғаны. Бұл бұрын соңды болмаған бірегей жоба. Бұрын барлық көркем әдебиет болсын, оқулық болсын барлығы орыс тілі арқылы аударылатын. Ал, қазір мына кітаптардың сапасы да, деңгейі де, дәрежесі де өте жоғары болары сөзсіз. Сондықтан бұл бізді қуантты. Біздің облыста 50-ге жуық Қазақстан жазушылар одағына мүше ақын-жазушылар бар. Барлығымыз бас қосып талқыладық. Енді бұл бастама жарасымды жалғасын таба берсін деген тілек білдіреміз».

Жиын әрмен қарай Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қоғамдық келісім кеңестерінің бірлескен отырысымен жалғасты. Мұнда Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының облыстағы қалай іске асырылып жатқаны талқыланды. Соңында облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілеріне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған «Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі» куәлігі тапсырылды.

Икрам Хашимжанов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы: «Қоғамда этнобірлестіктер төрағаларының беделі халық арасында артатын болса, халық та соған қарап бой түзейді. Елбасымыздың әділ және салиқалы саясатын халық арасында үгіттеп, насихаттау жұмысын жүргізу керек. Бүгінде ұлт аралық татулықты сақтау үлкен жауапкершілік».

Республикалық іс-шараға студенттер де ат салысты. Айта өтейік, алғаш қазақ тіліне аударылған 18 кітап алдағы бір ай ішінде өңірлердегі кітапханаларға жеткізіледі.

Жанерке Хумар