Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Соған орай «Көптілді білім беру жағдайында ана тілін оқытуды жетілдіру: проблемалар, жаңаша көзқарастар және шешімдер» тақырыбында алғаш рет халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Ана тілінде білім алудың тиімді жолдарын насихаттайтын конференцияға қатысушылар көп болды.
Жиынға Өзбекстан мен Тәжікстандағы білім саласының өкілдері арнайы келген. Өңірдегі жоғары оқу орындарының оқытушылары, білім беру ұйымдарының басшылары мен студенттер де шақырылыпты. Мұнда ана тілінде білім беру жүйесіндегі педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру және шығармашылық әлеуетін көтеру хақында сөз болды.
Педагогтар ана тілінде білім беру бойынша инновациялық технологиялар мен ғылыми-әдістемелік жұмыстарды қолданудың әдіс-тәсілдері турасында өзара тәжірибе алмаспақ. Нәтижесінде педагогикаға қатысты ең үздік идеяларды анықтап, ана тілінде оқытуда кездесетін өзекті мәселелерді шешу жолдарын табады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осылайша талантты мамандарды, тәжірибелік мүмкіндігі жоғары ұстаздарды дәріптеу қолға алынады.
Райхан Есімханова, Облыстық әдістемелік кабинеті директорының орынбасары: «Конференцияның басты мақсаты – көп тілді білім беру жағдайында ана тілін оқытуды жетілдіру болмақ. Конференция барысында біз 4 секциялық жұмыс ұйымдастырып отырмыз. Онда қазақ тілін ана тілі ретінде, орыс тілін ана тілі ретінде және өзбек, тәжік тілдерін ана тілі ретінде оқытудың теориялық, тәжірибелік әспектілері қарастырылады».
Әр ұлт өкілі өз ұлттық құндылықтарымен еркін сусындауы үшін ана тілінде білім алуына мүмкіндік жасалынады. Бұл үрдіс біздің елімізде әуелден қалыптасқан. Ал Ташкент қаласынан келген тіл маманы Өзбекстанда да қазақ тілінде білім алғысы келетін студенттерге жағдай барын айтады.
Өсербай Байқабылов, Өзбекстан Республикасы білім орталығындағы қазақ тілі және әдебиеті әдіскері: «Біздің Өзбекстан мемлекетінде білім жеті тілде беріледі. Сол жеті тілдің біреуі қазақ тілі. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқушылар ана тілінде дәріс алады. Яғни, олар қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етілген. Сосын жоғары оқу орындарының талапкерлері де өз ана тілдерінде білім алуға толық құқығы бар. Осылайша кең мүмкіндіктер бар. Бүгінгі конференцияның мақсаты да сол. Бала қай ұлттың өкілі болмасын өз ана тілінде мақсаттарына жету үшін соларға жағдай жасау болмақ».
Конференция барысында достық пен татулықтың белгісі ретінде түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдары қойылған көрме жасақталыпты. Сырттан келген қонақтар ұлттық бұйымдарын күнгейдің төрінен де көрді. Арнайы концерттік бағдарламаны да тамашалады.
Ана тілдің абыройын асқақтатуды мақсат тұтқан жиынға қатысушылар белсенді. Халықаралық деңгейдегі конференция екі күнге жалғаспақ.
Жанерке Хумар