Үздік театр анықталды. Дәлірегі — сахна саңлағы, режиссер, актер Х.Шаженовтың — 110 жылдығына және ҚР Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Райымбек Сейтметовтың — 80 жылдығына арналған «Театр көктемі – 2018» облыстық өнер байқауы мәресіне жетті.
Бас жүлдені (1 миллион теңге) М.Әуезовтың «Қарагөз» қойылымын сахналағаны үшін Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры жеңіп алды. I орынды (500 мың теңге) М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» спектаклімен облыстық әзіл-сықақ және сатира театры иемденді. Жүлделі II орыннан (300 мың теңге) С.Досановтың «Қасқыр ұлыған түн» шығармасын ұсынған облыстық өзбек драма театры көрінді. Ал III орынға (200 мың теңге) М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен облыстық опера және балет театры лайық деп табылды.
Сондай-ақ, «Өзекті тақырыпты қозғағаны үшін» (150 мың теңге) номинациясымен К.Жұмабековтың «Адасқандар» қойылымын сахналаған Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры марапатталды. Ал «Актерлік ансамбльдік тұтастық» (150 мың теңге) номинациясын А.Малюченконың «Птица счастья» спектаклін ұсынған Облыстық қуыршақ театры еншіледі. «Көрермен көзайымы» арнайы сыйлығын (30 мың теңге) К.Жұмабековтың «Адасқандар» қойылымындағы Әке рөлі үшін Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртісі Арман Өтебеков алды.
Айта өтейік, «Театр көктемі – 2018» облыстық өнер байқауы 3 күнге ұласты. Және биыл 11-рет қолға алынып отыр.