Үй алу үшін 1 миллионның сертификатына өтініш беру басталды

362

Шымкент тұрғындары мемлекеттен 1 млн. теңге алуға өтініш бере бастады. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша сертификат үлестіру бар болғаны 9 күнге жалғасады. Осы аралықта ипотекаға үй алмақ болған жандарға мемлекеттен көмек сұрауға мүмкіндік бар. Биыл құны 1 млнға дейінгі сертификат 100 адамға беріледі.


Жиналған бұл тұрғындар баспана алудың қамымен жүр. Ипотекамен үй алуға кезекке тұрған оларға жаңа мүмкіндік туды. Енді несиеге берілетін үйдің алғашқы жарнасын мемлекет төлеп береді. 1 млн. теңгеге дейін берілетін сертификатқа өтініш беру бүгін басталды. Оған келгендердің бірі Ақжан Керейтбаева. 4 баланың анасы осыдан 3 жыл бұрын үй кезегіне тұрған.


Ақжан КЕРЕЙТБАЕВА, қала тұрғыны: «Кезекке тұрғаныма 3 жыл болды. Одан кейін процесстің жүргенін күттік. Сосын бағдарлама басталмай біраз уақыт карантин болып, күтіп қалдық. Мамырдың 18 мен 30 аралығында тапсырдық. Екінші лекке іліндік. Енді қатты қуанып отырмын».


Басқарма өкілдерінің айтуынша сертификат өткен жылы да үлестірілген. Бірақ, оған Шымкент бойынша тек 21 азамат қол жеткізіпті. Биыл берілетін сертификат саны 100. Айта кетейік, көмек әркімге көрсетілмейді. Тек тұрмысы төмен отбасылар іріктеліп алынады.


Гүлнар ӘШІРБАЕВА, Жекешелендіру және тұрғын үй бөлімінің басшысы: «Бұл тұрғын үй сертификаттары тұрмысы төмен отбасыларға, алғашқы жарнасына көмек ретінде беріледі. Биылғы жылға біз 100 адамға береміз деп жоспарлап отырмыз. Әр сертификат құны 1 млн-нан аспайды. Азаматтардың өздерінің алған пәтер құқығына сәйкес 10 пайызы төленіп отырады».


Бүгінгі таңда Шымкент бойынша үй кезегінде 39650 адам тұр. Сегіз ай ішінде баспанаға кезекте тұрған 692 шымкенттік қол жеткізген. Мемлекет жыл соңына дейін Шымкенттегі 844 тұрғынды пәтермен қамтуды көздеп отыр.

Назерке Үкібасова