Шымкенттік байкерлер қашанда үздік

767

Таулы өлке Төлеби ауданы барлық спорттық шараларды өткізуге таптырмайтын орын. Аспанмен таласқан тау бөктеріне орналасқан демалыс орындары да көп. Күні кеше Біркөлік шатқалында мотокростан халықаралық сайыс өтті.

«Айнабұлақ» демалыс орнында халықаралық дәрежедегі спорттық шараны өткізу үшін арнайы жол дайындалды. Ол үшін бұралаң бұлтарысы мол етіп жолдар жасалды. Атағы алысқа кеткен жарысқа Ресей, Қазақстан, Өзбекстан елдерінен спортшылар қатысты. Жүрекжұтқандардың жарысын қызықтаушылар көп болды.

Өткелі қиын жолдарда жарысқа түскендер үшін әр қиылыс, әр бұлтарыс қауіпті-тін. Алайда спорттың осы бір қауіпті түрін таңдағандар бұл доданы еш қиынсынбады. Спортшылар қиын бұрылыстар мен дөңестерден «ұшып», биік белестерден құлдилай түсіп, нағыз шебер екендіктерін шын байқатты.

Бұл додаға ересектермен қатар 5 жастан асқан балалар да қатысты. Кішкентай жүргізушілер қуаттылығы 50 шаршы см қозғалтқышты мотобайкпен белгіленген қашықтықта жүріп өтті. Балалар қатарында 5 жасар канадалық Пьер де өнер көрсетті.

Қиын да күрделі додада барын салып өнер көрсеткендер көп болды. Спорттық шара қорытындысы бойынша, Ресей мен Қазақстан спортшылары үздік деп танылды. Ал шымшаһардың байкерлері үздік мотокоманда атанды. Осы уақытқа дейін талай додада топ жарып жүрген команда лайықты бағасын алды.