Ашынған жұрт Біркөлікке баратын жолды жауып тастады

293

Төлеби ауданының тұрғындары тау бөктерінде тұрып, үйлерінің жанынан өзен ағып жатса да ауызсуға жарымай отыр. Ағып тұрған суды жағалап жоғары қарай салынып кеткен демалыс орындарынан көз аша алмайсың.

Тұрғындардың айтуынша, 120 демалыс аймағы тіршілік көзін үлкен көлемді құбырлармен тартып алған. Олар онымен өздерінің бассейндерін толтырады дейді. Салдарынан төмендегі Екпінді, Қорған, Біркөлік ауылдарына су жетпейді.

Клара ЕРралиеаа, тұрғын: «Олардың канализациясы жоқ. Қоқыстарының барлығын шығарады, оны біз ішеміз. Енді сол қоқыс су да жоқ бізде. Тартылып кетті. Тамшы су жоқ. Өйткені мыналардың барлығы не үшін келіп жатыр мына жаққа. Бассейн толтырып жатыр. Су ішіп жатыр. Ал бізде су жоқ халықта. Адам шомылады, бізде су жоқ. Шомылуға бар. Байлар бәрін жауып алған, суларды алып алған өздеріне бөлек-бөлек. Оған мыналардың күштері келмей жатыр. 5 жыл болды».

Ауыл жұрты құбырда су болмаған соң суды өзеннен алуға мәжбүр. Алайда, оны да іше алмай отырғандарын айтады. Тұрғындардың сөздерінше, демалыс орындары кәріз суын, бассейннің шайынды суын, оған қоса қоқыстарын да өзенге ағызады. Салдарынан төрт түлік те өзеннің бетіне қарамайтын болыпты.

Ғалымжан Зайтенов, тұрғын: Мүлдем қарамайды экология. Баклажкасы да жатыр, басқасы бар. Тілмен айтып жеткізе алмайтын заттар жатыр. Өзен жағаларын кесіп, білгендерін жасап жатыр. Құрылыс салып жатыр. Өзеннен 35 метр деп қояды, 3,5 см бастап салып жатыр. Тіпті өзеннің үстіне салып жатыр. Ағаштың бәрін қырнап тастаған. Табиғатты қорлау емес, зорлап тастаған ғой».

Жиналған жұрт бұл мәселелердің ушыққанына 5 жылдың жүзі болғанын айтады. Жергілікті атқамінерлерге шағымданып шаршағандарын жеткізді. Айтуларынша, демалыс аймақтарының иелері ірі-ірі дөкейлер. Ал, оларға аудан әкімдігінің қауқары жетпейді. Бұл жолы қатты ашынған жұрт Төлеби ауданы әкімінің келуін талап етіп, демалыс аймақтарына апаратын негізгі жолды жапты. 40 минуттай уақытта ұзын-сонар кептеліс пайда болды.

Халық жиналған жерге аудан әкімі емес, орынбасары келді. Ауызсудың тапшылығынан хабардар екен. Шенеунік демалыс орындары рұқсатсыз ай-шайы жоқ құбырды тартып ала беретінін мойындап отыр. Алдыңғы аптада демалыс орындарының иелеріне ескерту хаттарын жіберіпті. Оларға суды 15-тік немесе 20-лық құбырмен тартып бәрін заңдастыруға 3 күн уақыт берілген екен.

Лесбек Серікбаев,  Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: «Қазір Леңгір су өкілі, бригада осы жерде тұр. Қазір Біркөлік елдімекенінің бас жағына шығып, бірінші демалыс аймағынан бастап мынау халық ішіп отырған ауызсу құбырына қосылып алған жаңағы 32-лік, 50-лік құбырларды кеседі қазір. Арасында 100-дік те бар. Соның бәрін кесеміз. Сөйтіп Қорған елдімекеніне ауызсу шығарамыз. Екпінді елді мекенінің төменгі жағындағы үйлердегі су қысымын жоғарылататын боламыз. Бұл бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Осымен күресіп келе жатырмыз».

Аудан әкімінің орынбасары 3 апта ішінде барлық демалыс орындарын құбырдан ажыратып, ауызсу мәселесін қалыпқа келтіреміз деп уәде берді. Ал, өзен суын ластау бойынша ешқандай арыз түспеген екен. Егер лас суды ағын суға жіберу жағдайлары тіркелетін болса, шара көрілетінін айтты. Құр ауыз сөзден шаршаған жұрт болса, ауызсу айтылған мерзімде келмесе жолды мүлдем жауып, демалыс аумағына ешкімді жібермейміз деп бекініп отыр.