«Қазына» этнографиялық-хореографиялық ансамблі мерейтойын тойлады

971

Биыл алты алаштың тарихы мен тағлымын төрткүл дүниеге би-қойылыммен паш еткен «Қазына» би ансамблінің құрылғанына — 30 жыл. Айтулы датаның құрметіне орай, этнографиялық-хореографиялық өнер ұжымы елге есеп берді. «Түркістан» сарайының төрінде өткен өнегелі кешті біз де тамашалап, би ұжымын мерейтойымен құттықтап қайтқан едік.«Қазына» — этнографиялық -хореографиялық ансамбль деп айтылғанымен, бүгінде бір отбасына айналған ұжым. Өнерпаздардың әр қимылынан олардың бірлігі мен ынтымағы, құрметі байқалады. Бұл — би қойылымдағы үйлесімділік пен шеберліктің, қайталанғысыз құнды қойылымдардың құпиясы болса керек-ті.
Қуанышбек Бестембаевтың жасы — 33-те. «Қазынаның» жасағына еніп, би саласының сыры мен қырын меңгеріп жүргеніне 13 жылдың жүзі болған. Тәжірибелі маман арнамыздың көрермендері алдында бұл топта өнер көрсетудің ережесен екшеп, жауапкершігінің жүгін жасырмай айтып берді.

«Қазынада» би билеу — қиынның қиыны. Мұнда сезім де, жүрек те, талант та қажет. Актерлік шеберліктің де орны ерекше. Күрделі әдіс-тәсілдерді жәй ғана меңгеріп қоймаймыз, соны өн бойымыздан өткізіп, сезіне ұсынамыз», — дейді  «Қазына» этнографиялық-хореографиялық ансамблінің бишісі Қуанышбек Бестембаев.Мәдени шара аясында қазыналықтар қазақтың ұлттық-танымдық билерімен қатар, түрлі ұлттар мен ұлыстардың да билерін нақышына келтіре биледі. Заманауи бағыттың биігі де шет қалмады. Бұл би-қойылымдарды қойған  «Қазына» би тобының жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері — Зәуре Әжібекова екенін айта кеткен жөн. Мерейтойда білікті педагогқа облыс әкімінің алғыс хаты мен сый-таралғысы тапсырылды.

Зәуре Әжібекова, «Қазына» этнографиялық-хореографиялық ансамблінің  жетекшісі: «Қазына — менің өмірімнің мәні! 2003 жылы өз жетекшілігіме алған соң, қиялымдағы іс-әрекеттер мен ойымдағы ғажайыптарды кіріктіріп, «Қазынаның» қоржынын алтын қормен толықтырып келемін. Топтағы бишілерге қойылатын талап қатаң, мәселен қыздар мен жігіттерімізде демалыс күн деген мүлдем жоқ, күн тәртібінде тынымсыз дайындық өрбитін кездер де жиі екенін жасырмаймын. Концерттерге іс-сапар, жол жүру деген тағы бар. Ал өнерпаздарға 18-ден 35 жасқа дейін ансамбльде би билеуге мүмкіндік бар. Ал менің қазігі арманым — күнгейде «Қазына» этнографиялық -хореографиялық театрының ашу. Себебі бізде сюжет, режиссура, айтар ой мен ұлттық би қойылымдар жетерлік».Елге есеп берген қазыналықтар қоржынындағы биді жәй емес, бүтін бір қойылым желісімен ұсынды. Келген көпшілік ұлттық таным-тыныс пен тарихты ғана көрген жоқ, халықтың қазынасы — ұлттық сазды аспаптардың үн-сыйқырына үңілуге де мүмкіндік алды.

«Қазына» би ансамблі — талай дүркін халықаралық өнер байқауларының жеңімпазы. Жыл бұрын Қазақстанның тұңғыш Президенті — Елбасы қоры сыйлығының иегері атанды. Айта өтейік, осыдан 30 жыл бұрын Әл-Фараби атындағы институт қабырғасында құрылған өнер ұжымының жасағында қазір 12 кәсіби биші жұмыс жасайды.