«Қазпошта» ұлттық пошта операторына — 25 жыл. Акционерлік қоғам мерейтойына орай ұтыс ойындарын өткізді. «Kazpost-тан сыйлықтар жылы» деп аталатын акцияға зейнетақы мен жәрдемақы алушылар қатысты. Ақшалай сыйлықтар бүгін салтанатты түрде ұтыс жеңімпаздарына табыс етілді.
Гүлхан Қалмұратова «Қазпоштадан» 2009 жылдан бері есеп шот ашып, жәрдемақысын жүйелі алып жүргендердің бірі. Бүгін сәті түсіп 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Күтпеген жерден қуанышқа кенелген ұтыс жеңімпазы дән риза.
Гүлхан Қалмұратова, ұтыс жеңімпазы: «Қазпоштаға рахмет! 100 мың теңгенің ұтысына ие болдым. Осында есеп шот ашып, пошта қызметіне тұрақты жүгінемін. Еңбектеріне табыс тілеймін!».
«Қазпоштаның» өңірлік филиалында 120 мың тұтынушы тіркелген. Соның арасында «Сенім» қызметі бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алуға карточка ашқан клиенттер «Kazpost-тан сыйлықтар жылы» акциясына қатыстырылды. Бұл тұтынушыларға деген құрметіміздің бір көрінісі дейді ұйымдастырушылар.
Бақытжан Ысқақов, «Қазпошта» АҚ ОҚО филиалының директоры: «Зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға құрмет көрсетіп, ынталандыруды ойға алдық. Сондықтан да бүгін ұтыс өткіздік. Ардагерлер мен зейнеткерлер тұрақты түрде біздің мекеме қызметіне жүгінуінің арқасында «Қазпошта» өркендеп келеді»
Айта кетейік, қомақты қаржы сыйақысы бар ұтыс ойыны алты кезеңнен тұрады. «Қазпоштада» жыл соңына дейін тағы да бес рет өткізіледі.