«7-20-25» бағдарламасымен баспаналы болғыңыз келсе…

963
ult.kz

«7-20-25″ бағдарламасының орындалуы қалай болмақ? Кімдер осы бағдарлама арқылы баспанаға ие бола алады? Бұл туралы бүгін біздің арна тілшілеріне «Қазақстан Ұлттық банкінің» ОҚО филиалы директорының орынбасары Бақыт Әлімбекова айтып берді. «7-20-25» бағдарламасы арқылы тек басында тұрақты баспанасы жоқ жандар ғана жаңа қонысқа ие болмақ.

 Мемлекеттен жеңілдетілген ипотека бағдарламасына қатысқыңыз келеді ме? Онда бағдарлама шарттарына назар аударыңыз. Басында баспанасы жоқ, бірақ тұрақты табысы барлар бағдарлама арқылы жаңа қонысқа қол жеткізе алады.

Бахыт Әлімбекова, «Қазақстан ұлттық банкі» ОҚО филиалы басшысының орынбасары: «Бағдарламаның жеңілдетілген шарттары тұрақты табысы бар әрбір азаматқа үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Отбасылық бюджетке зарар келтірмей ипотекалық несиені төлей алады. Мәселен, 7 млн. теңге кредит болса, ипотекалық ай сайынғы төлем 50 мыңнан төмен болады. Бұл қарапайым халықтың қалтасына қолайлы».

Қаржы білгілері мемлекеттік бағдарлама бойынша ипотекалық қарызды қайдан алу қажеттігі туралы да баяндап берді.

Бахыт Әлімбекова, «Қазақстан ұлттық банкі» ОҚО филиалы басшысының орынбасары: «Ипотекалық қарыздарды барлық екінші деңгейлі банктерде беріледі. Несие беруге құқы жоқ ислам банктері бұл тізімге енбейді».

Айтпақшы, мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа салынған үйлерден жаңа қонысқа қол жеткізуге болады. Екінші деңгейлі банктер бағдарлама қатысушысынан ешқандай комиссия үшін теңге ұстап қалмайды.

Бахыт Әлімбекова, «Қазақстан ұлттық банкі» ОҚО филиалы басшысының орынбасары: «Бағдарлама бойынша несие алушыға сыйақы мөлшері 7 пайызды құрайды. Банктер комиссия ұстамайды, сәйкесінше жылдық ипотекалық қарыз да 7 пайызды құрайды».

Ескерер тағы бір тұсы бар. Бағдарлама бойынша ипотека мөлшері өңірге байланысты белгіленеді. Астана, Алматы, Ақтау мен Атырау үшін максималды мөлшер 25 млн. теңге болса, Шымкент және басқа қалаларда 10 млн. теңге. Аймақтар үшін 7 млннан. аспауы керек айқындалған.