Биыл 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі

446

Бұл үйлерге «7-20-25» бағдарламасы арқылы қол жеткізуге болады. Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің лентасы желтоқсан айында қиылады. Үйлердің жалпы саны – 26. Пәтерге шаққанда – 1164 пәтер. Жыл соңында соншама отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл үйлердің қайда орналасқаны, олардың жайлылық санаты мен құны қызықтыра ма? Алдағы мақаламыз сіздің баспана таңдауда кәдеңізге жарайды деген ойдамыз.

12,7 млрд теңге бөлінді

Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаевтың айтуынша, аталған тұрғын үйлерді салу үшін бағдарламаның операторы – «Баспана» АҚ-нан 10 млрд теңге және жеке инвесторлардан 2,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

– Жыл соңына дейін, дәлірегі желтоқсан айында нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жеке инвесторлар өздерінің құрылысқа құйған қаржысының үлестік пәтерін алады. Сөйтіп, хабарландыру беріп екінші деңгейлі банктер арқылы оны «7-20-25» бағдарламасымен өткізеді. «Баспана» АҚ-ның үлесіндегі пәтерлер де сол бағдарламамен үлестіріледі. Бірақ, мұнда басымдылық: тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, көп балалы отбасыларға, ТҮҚЖБ салымшыларына беріледі, -дейді Әбілсейіт Рабаев.
«Баспана» АҚ-ның қаржы-ландыруымен бой көтеріп жатқан үйлердің құрылысына «Shymkent» әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы» АҚ жауапты. Корпорацияның баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, «7-20-25» бағдарламасы аясында «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен жалпы ауданы 73 377,4 ш.м. болатын 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда:
– «Тұран» м/а – 14 тұрғын үй
– «Асар-2» м/а 10 тұрғын үй
– «Шығыс» м/а – 1 тұрғын үй
– Әкімшілік-іскерлік орталығында 1 тұрғын үй салынып жатыр.

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ҚАЙДА САЛЫНЫП ЖАТЫР?

Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ. Бағдарлама аясында құрылысы жүргізіліп жатқан үйлер 2 кезеңге бөлініп жүргізілуде.
1 кезеңде «Тұран» мөлтек-ауданындағы 9 қабатты 2 тұрғын үйді және «Қаратау» ауданы 192 орамдағы 5 қабатты 6 үйді тапсыру жоспарлануда.
«Тұрандағы» екі үйдің сметалық құны – 1580730 теңгеге тең. Құрылысты «Бек Строй Сервис» ЖШС жүргізуде. Жалпы ауданы 8960,28 ш.м құрайтын бұл үйлерде 1, 2 және 3 бөлмелі, барлығы 126 пәтер болады.

– 1 бөлмелі – 37,87 ш.м;
-2 бөлмелі – 63,42 ш.м;
– 3 бөлмелі – 72,50 ш.м.

Бұдан бөлек көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарласып, әлеуметтік, тұрмыстық, сауда-саттық және ойын-сауықтыру орталықтары да салынады.
Бұл тұрғын үйлер «Екі жұлдыз» тойханасының қарама-қарсы бетінде орналасады.
Ал «Қаратау» ауданы 192 кварталдағы 5 қабатты 6 үйдің сметалық құны – 2970420 теңгені (әр үйге 495070 тг) құрайды. Құрылысты «АрхПроект-1» ЖШС өз қолына алған. Жалпы ауданы 16000,8 ш.м құрайтын үйде 240 пәтер болады.
-1 бөлмелі – 40,48 ш.м;
– 2 бөлмелі – 59,20 ш.м;
– 3 бөлмелі – 74.32 ш.м

Құрылыс жұмыстарының 2 кезеңінде «Тұран» мөлтекауданында тағы да 6 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Бұл тұрғын үйлердің құрылысы аяқталғанда 350 пәтер өз иесін табады. Сондағы пәтерлердің ауданы:
– 1 бөлмелі – 37,87 ш.м
– 2 бөлмелі – 63,42 ш.м;
– 3 бөлмелі – 72,5 ш.м құрамақ.

Бұл үйлер де «Екі жұлдыз» тойханасының қарама-қарсы бетінде орналаспақ.

«Қаратау» ауданы, «Асар-2» шағынауданы №3196 А, 3196 жер телімдерінде 5 қабатты 10 тұрғын үй бой көтереді. Нәтижесінде 300 пәтер пайдалануға беріледі.
– 1 бөлмелі – 43,75 ш.м;
– 2 бөлмелі – 57,13 ш.м;
– 3 бөлмелі – 78,89 ш.м.

Құрылысты «Ақ Ордабасы» ЖШС-гі жүргізуде.
Бұдан бөлек «Қаратау» ауданы, 178 квартал, №36 жер телімінде 9 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Пәтер ауданы – 15225 ш.м құрайтын бұл үй 192 пәтерлі болады.
– 1 бөлмелі – 40,31 ш.м;
– 2 бөлмелі – 73,81 ш.м;
– 3 бөлмелі – 84,46 ш.м;
– 4 бөлмелі – 111,32 ш.м құрайды.
Бұл үйлердің құрылысын «Корпорация Сити-Строй» ЖШС-гі жүргізуде.

БАҒАСЫ ҚАНША?

Тапсырысқа жыл соңында берілетін бұл пәтерлердің 1 ш.м – 190 000 – 210 000 теңге аралығында бағалануда. Егер сізде таңдаған пәтер құнының 20 пайызы болса, қалған қаржыны банк арқылы «7-20-25» бағдарламасымен 7 пайызға, 25 жылға дейін рәсімдей аласыз.
Айта кетейік, қалада бұл бағдарлама бойынша 8 банк қызмет көрсетеді. Олар:
– «Халық банкі»,
– «RBK банкі»,
– «Eurasia банкі»,
– «Forte bank»,
– «Цеснабанк»,
– «АТФ банк»,
– «Банк центр кредит»,
– «Сбербанк».
«Баспана» АҚ немесе жеке инвесторлардың қаржысына салынған пәтерлердің бағасында ешқандай айырмашылық болмайды.
Ескеретін жайт, бағдарлама ережесіне сәйкес, таңдаған үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы керек. Одан арзандары құпталады.

АЙТПАҚШЫ…

Қалалық құрылыс басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бұдан бөлек 2019 жылы жеке инвесторлардың есебінен 49 тұрғын үйдің (1919 пәтер, 190,7 мың ш.м) құрылысы жүргізілуде.
Аталған тұрғын үйлер жеке салушылар тарапынан салынатындықтан, пәтерлерді сатуды – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «7-20-25» бағдарламасы арқылы жүргізе ме, тікелей сатылымға қоя ма, оны өздері таңдайды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ