Еңбек заңнамасын бұзғандарға 6 млн теңге айыппұл салынды

816

Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма қызметкерлерімен ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыстағы кәсіпорын мен мекемелерде 179 тексеру жүргізілген. Нәтижесінеде 242 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде еңбек қатынастары туралы 200, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 35, халықты жұмыспен қамту-7. Анықталған бұзушылықтардың 175 заңға сәйкестендірілді.

Алмасбек Мамытбеков, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы: «Ең басты қателік азаматтар жұмысқа орналасқанда еңбек келісімшартын түзуді талап етпейді. Ол басты құжатта екі жақтың міндеттері, құқықтары жазылады. Біз жазатайым оқиғалардың себептерін тексергенде ондай келісімшарттардың жоқ екендігін анықтадық».

Анықталған бұзушылықтардың негізінде 124 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 6 млн. теңге көлемінде 38 айыппұл салынды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының талабымен 6 адам еңбек заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылды. Есепті кезеңде еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін шара қолдану үшіне 14 іс құқық қорғау органдарына жолданған. Жазатайым оқиғалар да толастар емес.

Алмасбек Мамытбеков, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы: «Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма өңірде орналасқан кәсіпорындар мен мекемелерде ҚР Еңбек заңнамасының орындалуын қадағалайтын орган. Жылдың басынан 3 айда 30 жазатайым оқиға орын алды. Онда 32 адам зардап шегіп, олардың 7-уі қайтыс болған. Былтыр 127 адам зардап шегіп, 19-ы қайтыс болған. Сала мамандары жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: жұмыс берушілердің қызметкерге қауіпсіз еңбек тәсілдерін жеткілікті үйретпеуі, жұмысты қанағатсыз дәрежеде ұйымдастыру, еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы болып отыр».

2018 жылдың 1 сәуіріне шетел азаматтарын жұмысқа тарту рұқсаты бар 74 мекеме тіркелген. Бұл мекемелерде 27 мыңнан астам жергілікті және 3 мыңнан астам шетел азаматтары жұмыс істеуде. 3 айда аталған мекемелерде 4 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 5 заң бұзушылық фактілері анықталған.

Жұмыс берушілерге заң шеңберінде жұмысты ұйымдастыру бойынша нұсқама берілді. Өз құқығын қорғауда қызметкерлер еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма, тұрғылықты мекен жайы бойынша прокуратура мен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалдарына жүгіне алатынын сала мамандары ескертеді.

Шынар Оразова