Күнгейліктер Рамазан айын қуана қарсы алды

589
Ораза айт намазы тамыздың 8-і күні таңғы сағат 7.15-те оқылады.

 17 — мамыр — иісі мұсылман қауым асыға күткен айтулы дата. Қасиетті Рамазан айы басталды. Ниет еткен жамағат күні бұрын жұмыла мешіттерде тарауих намазына жығылды. Ауыз бекітті. Мың айдан да қайырлы — Рамазан айының қадірі мен қасиетін күнгейліктер жақсы біледі. Сондықтан болса керек, күні бұрын, кешкісін жамағат жұмыла мешіттерде оқылған тарауих намазына жығылды. Сосын, Облыс көлемінде 105 орында тарауих намазы кезінде Хатым Құран түсірілген-ді. Сүннет амал енді күн сайын Алланың ақ үйінде орындалмақ. Ал оразаға ниет еткендер сәресін таңғы 4-тен 23-өткенде тұтынып, ауыз бекітті.
Жерлестеріміздің қасиетті айға деген құрмет амалы мұнымен шектелген жоқ. Қала көшелеріне жұртшылықты имандылыққа баулитын, ораза ұстаған жандарға жолданған ақжарма тілектер толы мынадай билбордтар ілініп, насихатталуға көшкені қуантады.

Оразаның алғашқы күнінде қайырымдылық жасауға кіріскен жамағат та жоқ емес. №65 бағыттағы автобус бүгін ерекше мерекелік әсермен жасанып-безендірілген. Және барша жолаушыларды тегін тасымалдауға көшіпті. Қоғамдық көліктің жүргізушісі Ержан Қалмұрзаевтың айтуынша, бұл таңғы 7-ден басталған шарапаты мол шара кешкі 22-00-ге дейін жалғасады.

№65 бағыттағы автобус

 

 

 

 

№65 бағыттағы автобус Алланың разылығы үшін ауыз бекіткен жамағат мамырдың мамыражай күн райы мен алғашқы тәуліктегі әсерін жасырған жоқ. Айтуларынша, ниет түзу болса — Құдайдың өзі қарасады.

Ал Қасиетті Құран Кәрім — шариғаттағы сүре-уәжді қоғамға айтып-жеткізетін имамдар қасиетті айдың талап-тілегін тағы да қайталап, көпшілік ережені ескерсе екен дейді. Айтуларынша, көпшілік Ораза айында тек тамақтан ғана тыйылмауы керек.

Бақдәулет Абдрахманов, «Абдул Хамид Хаттани» қалалық мешітінің бас имамы: «Бұл айда тек ішіп-жеуден емес, көзіміз — жаман дүниені көруден, тіліміз  — өсек-аяң айтудан, құлағымыз  — ғайбатты әңгімені естуден, қолымыз жат қылықтан сақтануы, тыйылуы керек. Иә, өзімізді-өзіміз рухани тәрбиелеп, өзгеруіміз керек. Ал оразаның сауабын Алла Тағаланың өзі тағайындайды».

Рамазан айының тиісті талаптарын құнттап, ораза ұстаған жамағат жан садағасын да ұмытпауы керек. Биылғы пітір садақа мөлшері екі келі ұнның орташа бағасымен есептеліп, 300 теңге деп белгіленіпті. Сондай-ақ, маусымның 11-нен 12-не қараған түн — қасиетті Қадір түні! Ал мамырдың 17-жұлдызында басталған ораза маусымның 14-не тәмамдалып, ораза айт мерекесіне ұласады.