Оңтүстікте бірлік күні тойланды

921

Дана халқымыз ықылым заманнан-ақ, «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген.  Берекені көздеген ел – мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан болса керек, мызғымас болашағы бар мемлекетіміз 23 жылдан бері ынтымақ, ауызбіршілік күнін айрықша арқа-жарқа, жұмыла атап өтеді.

Қуантарлығы – бір атаның баласындай, татулығын ту еткен жерлестеріміз мамыр айының алғашқы күнінде әдеттегідей қаламыздағы Әл-Фараби алаңының төріне жиналып, мерекенің мерейін асырды.Бұл күні сіркірей жауған жаңбыр жерлестеріміздің көңіл күйін түсірген жоқ. Тиісінше, мұны кездейсоқ емес, Алланың нұры, Құдайдың қарасқаны деп қабылдады олар.Татулық пен бейбітшілікті басты орынға қойып, бақытты бағалай білген ағайын, жүздері бал-бұл жайнаған жұртшылық қазақ халқына деген ризашылығын білдіріп, мәре-сәре құттықтап жатты. Алғыстарын айтып, ақ тілектерін жолдады. Сахна төріне де әдеттегідей бір-бірлеп емес, бұл жолы жұмыла көтеріліп, өнерлерін ұсынды. Дәлірегі, концерттік бағдарлама ұлыстардың ұлттық қойылымына ұласты. Бұл көрініс «Достық» шаңырағының  шаттыққа толуының айғағы болса керек-ті.

«Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасымен қанаттанған қауым, мерекелік шарада тұрғындарға тосынсый жасауды ұмытқан жоқ.  Иә, өңіріміздегі этнос өкілдері өздерінің ұлттық таным-тынысын, өткен тарихы мен бүгінін баяндайтын тың туынды, бұйымдарын мақтана, марқая ұсынды.Көрмеге келген көпшілік орыс, грек, кәріс, тәжік секілді ондаған ұлттың мәдениетімен танысып, тамашалап, ұлттық тағамдарынан дәм татуға да  мүмкіндік алды.

Облыс әкімі шараға жиналғандарды және барша оңтүстікқазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтады. Сөз арасында «Достық» шаңырағынының атқарған ауқымды жоба-жұмыстарына тоқталып,  алдағы мақсат–межесін де нақтылап берді.Облыс әкімі  Жансейіт Түймебаев бұл тойда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін  қосқан, ел арасындағы ауызбіршіліктің артуына сеп болған жандардың еңбегін де ескерусіз қалдырмады. Ұлтаралық татулықты нығайтуда еселе еңбек еткен Этно-мәдени орталық өкілдеріне алғысын жаудырып, «Бауырмал» марапатын да құрметпен өзі тапсырды.

«Достық» шаңырағының шайқалмай, тиісінше шаттыққа кенелуі үшін күнгейде медиация қызметі де жұмыс жасайды. Тараптарды татулыққа шақыратын бөлім мәміле бойынша заң-сауаттылық кітаптарын да жасақтаған.Нәтижесінің мардымды екенін екшеген мамандар өңіріміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының  жыл ішінде атқарған  жемісті жоба-жұмыстарын жіпке тізді.Айта өтетін ақпарат, Елбасының жарлығымен облысымыздағы 20 этно-мәдени орталық осыдан 23 жыл бұрын қызметін бастаған. Ал бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 108 өзге ұлт өкілдері бейбіт күннің куәгері ретінде тату-тәтті өмір сүруде.