Ел аумағында алдағы 3 жылда 1000 IT сыныбы қызметін бастайды. Жылына 35 мың адам IT-маманы ретінде білім алып, сауатын арттырады. Осы мақсатта бүгін М.Әуезов атындағы ОҚМУ қабырғасында IT орталығы ашылды. М.Әуезов атындағы ОҚМУ қабырғасындағы бұл жиынның жөні бөлек. Жаңа технология көш ілгері дамыған заманда оқу орнында IT орталығы ашылып отыр. Салтанатты шараға арнайы келген педагогтар қауымы, білім басқармасының басшылығы, «Нұр Отан» партиясы және жергілікті биліктің өкілдері заманауи сандық жүйенің жаңа жобасымен танысты. Жүзеге асу барысын бақылады. Және тиімді тың бағытын да баяндап берді.
Ардақ Садықова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
«Жобаның үлкен болашағы бар деп отырмыз. Себебі қазір осы ЖОО қабырғасында IT-ды біздің педагогтарымыз, ондағы информатика пәнінің мұғалімдері меңгеріп, оқушыларға тіпті бастауыш сыныптан бастап оқытады».
Әзірге бұл орталық 16 компьютер, жоғары жылдамдатылған интернет, қажетті веб-бағдарламалармен жабдықталып отыр. Аталған оқу бағдарламасына студенттер ғана емес, кәнігі сала мамандары да жүгінеді. Сондай-ақ, информатика және өзге де пән мұғалімдері осында білімін жетілдіріп, сосын шәкірттерді қабылдай бастайды. Ал облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, 2018 жылы күнгейде дәл осындай 20 сынып ашу жоспарланып қойған. Жобаның құны — 4 миллион 900 мың теңгеге шақталыпты.
Төлеген Сәрсембаев, облыс әкімінің орынбасары:
«Жобаның құны қомақты. Десе де мұны «Атамекен» Ұлттық палатасы мен «Ыбырай» деген қор қаржыландырып отыр. Статистикаға жүгінсек, бүгінде Оңтүстіктегі оқу жүйесі 458 мыңнан аса адамның аталған жүйеде білім алғанын көрсетті. Және биыл 16 мың адамды IT бойынша оқыту ойда бар».
Сондай-ақ, 2019 жылы 8 100 оқушыны қамтитын 30 IT сынып ашылады. Себебі жоспар нақтыланған. Дәлірегі, қазір «Нұр Отан» партиясы алдағы 3 жылда ел аумағында бір емес, 1000 IT-сыныбының қызметін бастап, жылына 35 мың адам IT-маманы ретінде білім алып, сауатын арттыратынын да межелеп қойыпты.