Шымкентте тағы бір сатушысы жоқ дүкен ашылды

701

Шымкентте тағы бір «Адалдық дүкені» іске қосылды. Жауаптылар бұл жолы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерін адалдыққа шақырмақ.

Ол үшін оқу орны 100 мың теңге бөліп, дәптер, қаламсап, сусындарды сатылымға қойған. Онда тұтынушылар заттарды сатушысыз сатып алады. Осылайша, ұстаздар шәкірттерінің парасаттылығын сынап көрмек.

М. Әуезов атындағы мемлекеттік университеті адалдыққа бет бұрды. Дәлірек айтсақ, қаламыздағы бұл жоғарғы оқу орнында бүгін адалдық дүкені іске қосылды. Енді студенттер қажетті оқу құралдары, сусындар мен тәттілерді сатушысыз-ақ алмақ. Осы арқылы ұстаздар шәкірттерімізді ар тазалығына үйретеміз дейді.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры: «Мені қарап тұрған ешкім жоқ демей адам өзінің арының алдында таза болуға тиісті. Алғашқы кезеңде санасы мен бейсанасының алдында таза болуға тиісті. Болашаққа сенемін. Жастарға сенемін. Адалдыққа мен сенемін. Менің балаларым да солай болып шығатынына мен кәміл сенемін».


Аталған жобаны іске қосу үшін жоғарғы оқу орны 100 мың теңге бөліпті. Алдағы уақытта жауаптылар дүкенді жеке кәсіпкерге тапсырмақ. Айта кету керек, мұнда сатушы болмағанымен бақылау камерасы орнатылған.

Ерасыл Төлебаев, «Шымкент-адалдық алаңы» кеңсесінің басшысы: «ОҚМУ біздің өңірдегі ең үлкені болғаннан кейін барлығымыз атсалысып, адал болу керекпіз. Мен осы жақта көп адал жастардың бар екеніне сенемін. Және біз оларға көмектесу керекпіз. Және осындай дүкендерді көптеп ашуымыз керек!.


Жалпы жыл басынан бері қаламызда 155 адалдық дүкені ашылған. Оның 100-і мектептерде болса, қалғаны жоғарғы оқу орны мен колледждерде. Айта кету керек, жыл соңына дейін дүкеннің 10-ы шығынға батқан.

Назерке Үкібасова