Сүйек жаңғырту — қандай дәстүр?

2836

Халқымыздың алысты жақындатып, барды молайтатын дәстүрі көп. Соның бірі – сүйек жаңғырту. Сарысүйек құдалардың қайта қыз алысып, қыз берісетін салтын сарыағаштық өнерпаздар сахнада тірілтті. Екі әулеттің барыс-келісі азайған қатынасын қайта жиілетер сүйек жаңғырту дәстүрінің мән-мағынасы мол.

Қазақ салт-дәстүрлерінің астарында терең ой мен мағына жатыр. Ұзақ уақыт құдандалас болған құдаларды қазақ «сарысүйек құдалар» деп атайды. Сарыағаштағы мәдениет үйінің өнерпаздары сүйек жаңғырту дәстүрін сахналық қойылым арқылы көрсетті. Мұнда бір отбасы кенже ұлын сүйек жаңғырту жолымен үйлендіруді жөн санайды. Анасы бойдақ жүрген кенже ұлына енесінің туысқандарынан қыз көреді. Мақсаты – өзі танып-білетін елден келін алып, текті ұрпақ жалғастыру еді.
Сүйек жаңғырту дәстүрінің басты құндылығы рулық ерекшеліктерді ескеру болмақ. Қойылымда бұл жағы да көрініс тапты. Алайда мұнда нағыз осы дәстүр бойынша шаңырақ көтерген жұптар шақырылмаған. Егер сондай азаматтар арқылы насихатталғанда шынайы болар ма еді.
Бүгінгі таңда қазақ елінің осы дәстүрі бойынша отбасын құрғандар да жоқ емес. Қазір бұл дәстүр екі жастың келісімімен, отбасының берекесіне айналған көпті көрген ата-әжелер бар үйде жаңғырып жатыр. Солардың бірі Райхан Алтыбаева.
Райхан 1979 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Тыраш ауылында дүниеге келген. Отбасындағы төрт қыз, үш ұлдың ең кішісі болған ол 1997 жылы Түркістан қаласында орналасқан Қ. Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік универсиетіне тарих және мұражай мамандығы бойынша оқуға түседі. Айтуынша, демалыс күндері әкесінің нағашысының үйіне қонаққа барып жүрген. Жоғары оқу орнына енді ғана түскен кішкентай қыз «сол нағашысының ауылынан болашақ жарын жолықтырамын» деп ойламаған.

Райхан Алтыбаева, облыстық әдіт-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері:
– Күйеуім – әкемнің нағашы әпкесінің немересінің баласы. Алғашында бір-бірімізді ұнатып жүрдік. Алыс болсақ та туысқанбыз. Сол себепті де «біздің отбасын құруымызға туысқандарымыз рұқсат бермейді» деп ойладық. Бір күні жолдасым әжесінен: «Райханға үйленсем бола ма?» деп сұрапты. Сол кезде әжеміз мұның ешқандай әбестігі жоғын айтып, «қайта сүйек жаңғыртатын болдық» деп қуанған екен. Немересіне сүйек жаңғырту дәстүрін түсіндіріп, менің әкеме өзі құда түсіп баратынын айтқан. Осылайша әжеміз біздің үйге құда түсіп келді. Алғашында менің туысқандарым абдырап қалды, әрине. Бірақ әжем әкеме: «Айналайын, сен екеуміз өмірден кеткеннен кейін екі әулеттің аралас-құраласы тоқтайды. Жат боп кетеді. Бірін-бірі танымай кеткені дұрыс емес. Тағы да біте қайнасып, араласып, құда болып, әулеттерді жақындастырып, сүйек жаңғыртайық» деп ұсыныс тастады. Сол кезде әкем: «екі бала келісімін берсе, менде қарсылық жоқ» деді. Осылайша тойға дайындық басталып кетті.
Бұрын нағашы-жиен ретінде араласқан екі жұрт сүйек жаңғыртқаннан кейін құда болып араласуын жалғастырды. Екі әулет қайтадан мәре-сәре болып, жақындасып, таныспағандары танысып, жаңадан бір серпіліс болды»

1999 жылы отағасы Нұртаспен шаңырақ көтерген ол бүгінде үш қыз бір ұлды тәрбиелеп отырған аяулы ана, асыл жар. Райхан алда бұл дәстүрді жалғастырғысы келеді. Себебі, қазақ елінің «Сүйек жаңғырту» дәстүрінің берері мол екенін айтады. Бұған өзінің де көзі жеткен.

— Егер жолдасыммен ренжісіп қалсақ, екі әулет тез-ақ татуластырып жібереді. Өйткені бір-бірін жақсы біледі. Екі жақ өзара кеңесіп, бізге ақылдарын айтады. Осылайша ұрысуға да мүмкіндік бермейді. Енді қараңыз, отбасында түсінбеушілік болмаса, ол үйден құт-береке кетпейді. Бұл сөзді әжеміз де жиі айтатын. Біздің отбасымыз тату-тәтті болдық. Үлкендерді құрметтеп, сыйладық. Алдарынан кесе көлденең өтпедік. Олардың тәрбиесімен өсіп-өндік. Туысқандарымызбен де ара қатынасымыз үзіліп қалмады. Осындай берекені байқаған әжем күйеуімнің немере інісін де «Сүйек жаңғырту» дәстүрімен үйлендірді. Немере інімізге әжеміз өзінің жиеншар қызын алып берді. Олар да бүгінгі таңда түтіндері түзу ұшқан, бес қыз, бір баланы тәрбиелеп отырған бақытты отбасы,-дейді Райхан.

Қазір Райханның әкесі де, күйеуінің әжесі де қайтыс болған. Алайда екі әулеттің қарым-қатынасы үзілмеген. Бұл қазақ елінің «Сүйек жаңғырту» дәстүрінің берері. Райхан алдағы уақытта әжесінің айтуымен білген салт-дәстүрді жалғастырғысы келеді. Екі әулеттің ортасын қайта жалғастырып, алысты жақындататын ерекше салт-дәстүріміздің жоғалмауын тілейді.
Жақсыны жатқа бермей, текті елден қыз алу арқылы текті ұрпақ болашағын ойлау дәстүрінің астарында үлкен мән бар. Болашақ ұрпақты береке-бірлікке, татулыққа шақыратын дәстүрдің бұл түрі қазақ елінің әрбір салт-дәстүрінің барлығы мән-мағынаға толы екендігін айғақтайды.

 

Жанерке Хумар