Шымкентте 7 жыл ішінде 55 жаңа мектеп салынады

902

Шымкент қаласындағы білім мекемелерінің құрылыстары бойынша 2018-2025 жылдарға арналған жоспар түзілді. Жоспар қала бойынша мектеп санын көбейту мақсатында үш ауысымда білім беретін мектептерді жаңалау мақсатында қолға алынды, — деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде 2025 жылға дейін Шымкентте 55 мектеп ғимаратын салу жоспарланды. Оның ішінде 2018 жылы — 8 жаңа мектеп салып, 7 білім ошағын қайта құру құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 6 жаңа мектеп салынуда. Олар: Бозарық шағынауданында (900 орынды), Қызылжар ш/ауд. (900), Шаңырақ ш/ауд. (600), Тұран ш/ауд. (1200), әкімшілік-іскерлік орталығындағы мектеп (1200), 112-орам (300). Бұған қоса 4 мектепті қайта құру құрылысы жүруде (№76 мектепте қосымша ғимарат, №99 мектепте — 300 орынды ғимарат, №103 мектепте — 600 орынды, №115 мектепте — 300 орынды).

Сонымен қатар Самал-3 шағынауданындағы №6 емхананың жанынан 1200 орынды жаңа мектеп салу жоспарда бар. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжат әзірленген. Сондай-ақ, №85 мектепті қайта құру құрылысы да жоспарға қойылды. Тағы бір жаңа мектеп (Самал-3 шағынауданындағы №87 мектепке қарсы беттегі 1200 орынды мектеп) пен 2 қайта құру құрылысының (№63 мектепке қосымша ғимарат, №101 мектепке 300 орынды қосымша ғимарат) жобалық-сметалық құжат дайын.

Ал 2019 жылға төмендегі құрылыс нысандары жоспарға енгізілген:
— 3 жаңа мектеп (Сайрам — 300, Тұран — 1200, Асар-2 — 1200) пен 3 қайта құру құрылысының (№23,109 және 120 мектептер) жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
— 4 қайта құру құрылысы жоспарланған (№17,47,46 және 84 мектептер).

Сондай-ақ, Төлеметов көшесі, Ақниет тұрғын алаптарында салынатын 4 жаңа мектеп құрылысына және №65 пен 79 мектептерге қосымша ғимарат құрылыстарына қажетті жер телімінің мәселесі шешілуде.