Шымкент қаласындағы №45 мектеп-гимназиясында бітіруші 38 түлек үшін соңғы қоңырау соғылды. Мектеп қабырғасында өткен күндердің бәрін тәтті естелікке айналдырған түлектердің бойында қобалжумен қатар қимастың сезімі басым.
Бітіруші түлектер 11 жыл бойына білім алған алтын ұясын қимай жанарларын жасқа шылады. Осы уақыт аралығында білім нәрімен сусындатып, болашаққа нық қадам басуына үлес қосқан ұстаздар қауымына да өз балаларына айналған шәкірттермен қоштасу оңайға соқпады.
Жазира Төлегенова, алтын белгіге үміткер: «Бүгін білім ұямызбен қоштасып жатырмыз. Әрине бойымызда қимастық сезімі басым. 12 жыл бойына білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға айтар алғысым шексіз. Қатты толқып тұрмыз. Сыныптастарымды да қимай тұрмын. Енді алдағы ұлкен сынақтан барлығымыз ойдағыдай өтсек деген арманым бар».
Соңғы қоңырау кешіне қала басшысы Нұрлан Сауранбаев арнайы қатысты. Шаһар басшысы жастармен бірге толқып тұрғанын жасырмады. Түлектерге ыстық ықыласын білдіріп, алдағы үлкен сынақтан сүрінбей өтетулеріне тілектес екенін жеткізді.
Нұрлан Сауранбаев, Шымкент қаласының әкімі: «Бүгінгі түлектерге мен олардың қандай ойда тұрғанына білетінімді айттым. Өйткені жылдар бұрын мен де осылар тәрізді білім ордасымен қоштастым. Сондықтан да бұл сезім маған таныс. Соңғы қоңырау ол есте мәңгі қалатын кездердің бірі. Менің жастарға тек «жолдарың ашық болсын» деген тілек айтқым келеді. Ата-аналарынының сенімімен қатар ұстаздарының да сенімін ақтаса екен деймін. Түлектерге сәттілік!»
Соңғы қоңырау, мектеп вальсі, мұғалім мен ата-ана тілегі ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Бір-біріне сәттілік тілеген жастар ақ жарма тілектерін аспанға ұшырып, мектеп ұжымына шынайы алғыстарын жеткізді.