«Сыңғырла, соңғы қоңырау!»

138

Шымкент қаласындағы №9 IT мектеп-лицейінің 250-ден астам оқушысы бүгін алтын ұяларымен қоштасты. Салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары қатысып, бітірушілерге сәттілік тіледі.

Жалпы мектепте биыл 12 алтын белгі, 10 қызыл атестатқа үміткер оқушы бар. Сондай-ақ жас түлектердің бірқатары республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы екен.

Бүгін №9 IT мектеп-лицейінен 250-ден аса білім алушы жаңа өмірге қадам басты. Солардың бірі – Ерасыл Әзімхан. Алтын белгі үміткері болашақта айти маманы болуды жоспарлап отыр. Мақсаты білікті маман атанып, ел дамуына үлес қосу. Десе де арманы айқын жас түлек алтын ұя мектебін қимай тұрғанын айтады.

Ерасыл Әзімхан, бітіруші түлек: «Осы жерде 11 жыл бойы оқып келе жатырмыз. Көптеген достар таптым. Әрине қимастық деген бар. Мұғалімдерге деген қимастық бар. Ұстаздарым осы он бір жыл бойы бізді үйретіп келді. Бізге көптеген тәрбие берді. Айтады ғой мектеп біздің екінші үйіміз».

Бүгін оқушылары мектеппен қоштасып жатқан сынып жетекшілері де ерекше сезімде жүр. Гүлзира Нартаева бірнеше жыл білім нәрімен сусындатып, тәрбие берген оқушыларым балаларымдай болып кеткен дейді.

Гүлзира Нартаева, мұғалім: «Өзім толқып тұрмын. 5 жылдай балалармен жұмыс жасағаннан кейін үйреніп қалады екенсің. Өзіңнің туған балаңнан артық болып кетеді екен. Оларға тек жақсылық тілеймін. Армандарына жете берсін. Үлкен азамтша, азамат болып өсе берсін. Қазақстанның даңқын көтере берсін деймін».

Балаларының ең маңызды күнінде қасынан табылған ата-аналар бітірушілерге бар ізгі тілегін жолдады. Оларға ең бастысы, өмірден өз орнын табуды тіледі.

Соңғы қоңырау кешіне арнайы қала әкімінің орынбасары қатысты. Бітірушілерге ізгі тілегін арнаған ол өз тәжірибесімен бөлісіп, қандай қиындық болса да артқа қарай шегінбеуге кеңес берді.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Осыдан 22 жыл бұрын мен де сіздер сияқты мектеп бітіргем. Шардара ауанында мектеп бітіріп, астымдағы мініп жүрген жалғыз атымды сойып сатып арман қуып Алматыға оқуға бардым. Тест тапсырдым, өте алмай қалдым. Грантқа түсе алмай қалдым. Менің алдымда екі жол тұрды. Құрсыншы деп қолды бір сілтеу, екіншісі өзіңнің алдыңа қойған мақсатыңа, арманыңа жүріп отыру».

«Мен екінші жолды таңдадым» деген әкім орынбасары жас түлектерге де мақсатқа жету жолында ешқандай кедергіге назар аудармау қажет екенін айтты.

 Мөлдір Ибадуллаева