Оңтүстік Қазақстан облысында Жеңістің 73 жылдығына орай майдангерлерге құрмет көрсетілді. Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» қабылдау үйінде ардагерлерге арнап мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Мерекелік жиынға қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және тыл еңбеккерлеріне сый құрмет жасап, бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпаққа алғыстарын жеткізді.

Бүгінгі еліміздің өркендеуі мен бірліктің бұзылмас қамалы осынау мерекенің жемісі, ардагерлердің ерлігі екенін айтқан өңір басшысы арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне ұдайы қамқорлық көрсету бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы екенін атап өтті.

Ардагер Әлімбет Тегісбайұлы жастық шағын сұрапыл соғысқа сыйладым дейді. Отты жылдары атты әскер қатарында болған жауынгер нәубет кезеңді тебірене еске алды.

Әлімбет Тегісбайұлы, ҰОС ардегері: «Варшавадағы болдым. Пулеметші болдым. Жараландым.Ол зұлмат жылдар өтті. Алайда, әлі күнге дейін санамызда сайрап тұр. Осы күнге тәубе».

Бүгінгі мамыражай бейбіт күн кеудесін оққа төсеген ерлердің еңбегі. Бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпаққа шексіз алғыс! Жеңіс тойы қарсаңында жергілікті билік өкілдері аргерлерге меркелік дастархан жайып, ізет көрсетті. Өнерпаздар әннен шашу шашып, майдангерлерді бір серпілтіп тастады.

Өкініштісі сол, жеңіс сыйлаған батырлар қатары жылдан-жылға сиреп барады. Бүгінде күнгейде 174 ҰОС ардагері тұрып жатыр. Айналаласы бір жыл ішінде аймақта 60 шақты майдангер көз жұмыпты. Алайда, жылдан-жиылға азайып бара жатқан ардегерлерге қамқорлық уақыт өте артып келеді дейді басқарма басшысы.

Мұхит Отаршиев, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Бюджеттің барлық деңгейінен осы мақсатқа 220 млн теңге қаржы қаралып отыр. ҰОС ардагерлеріне 100 АЕК мөлшерінде тыл еңбеккерлері мен ардагерлерге теңестірілген азаматтарға 5 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төленеді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығын меркелеуді өз деңгейінде өткізу жұмыстары жалғастырылуда».

Жалпы, Ұлы Отан соғысына өңірден 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмаған. 2-ші дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азамат Кеңес Одағының батыры атағын, 8 майдангер «Даңқ» орденінің иегері атаныпты.

Мақпал Рысбаева