Өз баласын өлтірген 85 жастағы кейуананың ісі сотта қаралып жатыр

575

Ақсукент ауылында өз ұлын өлтірген 85 жастағы кейуанаға қатысты сот процесі ОҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралуда. Қарияға 55 жастағы маскүнем ұлын өлтірген деп айып тағылып отыр.

Тергеу кезінде марқұм жәбірленуші алкогольді ішімдікке әуес болғаны, сондай – ақ, мас халде туған анасын сабайтындығы анықталған. Қанды оқиға күні де қарт анасына қол көтерген. Күйіп кеткен шешесі қапелімде асхана пышағын алып баласына сұғып алған. Оқиғаның ақ,  қарасы сотта анықталады.

Қарт ананың егде жасы ескеріліп, сотқа дейінгі тергеу кезінде үй қамақта болған. Көршілері өз баласын өлтірген кейуананы жақсы кісі, сыпайы деп сипаттаған. Тіпті көршілер болып кейуананы қорғап, жақтап, петицияға қол қоймақ ниеттері бар екендігін білдірген. ОҚО, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында болған бұл жағдай бүкіл елдің зәресін ұшырып, жағасын ұстатқан болатын.

Ұлын өлтірген соң кейуана полицейлерді өзі шақырып, кінәсін мойындаған. Араққа сылқия тойған ұлы анасын таяққа жыққан, шыдай алмаған әжей тәртіп сақшыларын шақырғанын айтқан.

Полицейлерді шақыртқанына одан бетер ызаланған 55 – тегі ұлы анасына қайта қол көтерген. Кейуана қорғанбақ ниетте асхана пышағын пайдаланған.