Қонаев көшесінде жеңіл көлік аударылып кетті

561

Шымкентте Қонаев гүлзары бойымен қатты жылдамдықпен келе жатқан автокөлік темір қоршауға соғылып, аударылып кетті. Қатты соққының салдарынан көліктің мотор бөлігі жанып кеткен. Маңынан өтіп бара жатқан көлік иелері тоқтап мыжылған «Мерседестің» ішінен жүргізуші мен жолаушыны шығарып алған.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі мен полицейлер жеткен. Алдын ала болжам бойынша, «Мерседестің» жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған. Көлікті жас жігіт тізгіндеген көрінеді. Қасында көлік салонында бойжеткен болған.

 

 

Куәгерлердің айтуынша, «Мерседес» Рысқұлов көшесінің бойымен Желтоқсан көшесіне қарай келе жатқан. Сол жақ алдыңғы дөңгелек жиектасқа тиіп кеткен. Жүргізуші көлікті игере алмай қалған, «Мерседес» аударылып сол бүйірмен тұрып қалған. Шетелдік көлік Қонаев көшесіндегі темір қоршаудың 24 метрін зақымдаған.

Дәрігерлер көліктегі екі жасты ауруханаға алып кетті. Өрт сөндірушілер аударылған көліктегі өртті ауыздықтады. Көшенің екі жақ бөлігі де қоршауға алынды.
Көшенің жүргіншілер жағы мен газон автоның сынықтары мен темір қоршаудың қоқысына толып кеткен. Қонаев көшесінің сол бөлігіндегі жасыл желегіне де зарар келген.