«Асқаровтың аққайыңдары». Күнгейдің бас театры — Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры осындай тақырыптағы қойылыммен 84-ші маусымын қорытындылады.
Күнгейдің көрермені енді тарихи тұлға Асанбай Асқаровты осы кескін-келбетпен (суретте) көреді. Түр-тұлғасын тап осылай таниды. Себебі, атпал азаматтың амал-қадамдары мен аңызға айналған жоба-жұмыстарын бүгінгі толқынға таныстырып, түгендейтін де осы азамат — актер Еркін Шымырқұлов. Бүгінге дейін театр сахнасында 100-ге жуық рөлдерді сомдаған тәжірибелі әртіс кезекті кейіпкеріне енуде кездескен қиындықтарды жасырған жоқ.
«Түрмеге қамалғандағы жағдайы, тергеушілердің алдындағы өз -өзіне деген сенімділігі, міз бақпауы — мені үлкен тебіреніске түсірді. Абақтыда ұйықтап жатқанда түсіне өз анасы еніп, Асқаровтың жәй-күйіне алаңдап, жігерлендіруі де — менің жаныма қатты әсер етті. Кейіпкерімнің ішкі сырын, жан дүниесін түсініп барып, сол образды шығардым десем болады», — дейді ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Шымырқұлов.
«Асқаровтың аққайыңдары» атты қойылымның желісі — 1986 жылы Қазақстан Орталық Партия Комитетін Колбин басқарған кезі, одан кейін де Асекеңнің басына туған ауыр күндер — төрт жылдан астам уақыт қамауда болған кездері баяндалған. Тергеу кезінде оған Желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруға қатысқан және ұлтшыл деген «кінә» тағылуы да көрініс тапқан.
Спектакльдің авторы — белгілі қаламгер Мархабат Байғұт. Қоюшы-режиссері Жұмабек Есімов, театр басшылығының айтуынша, 84-ші маусымда тек тарихи еңбектер сахналанған. Ал келесі мерейтойлық маусымда комедиялық қойылымдарға басымдық берілмек. Бұл үшін шығармашылық топ жастардан жасақталуы мүмкін.
Жыл ішінде небәрі 2 премьералық спектакльді сахналаған ұжым 8,3 миллион теңге табыс тапқан. Бұл жолғы маусымының қорытынды қойылымын тамашалауға келген көпшіліктің де қарасы қалың болды.
«Қара шаңырақ» енді араға ай салып көрерменмен қайта қауышады. Бүгінде академиялық мәртебесі бар драма театрда 143 адам еңбек етеді. Оның 55-і — шығармашылық ұжым.