Аты шулы «Журналистер ісінің» адвокаты құрықталды. Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық сотында адвокаттың ұсталу себебін айтып берді. Қорғаушы куәгерді «сатып алмақ» болғаны үшін айыпталып отыр.

Әл-Фараби аудандық сотының бспасөзбен жұмыс істейтін үйлестіруші судьясы адвокаттың құрықталуы «Журналистер ісіне» қатысы жоқтығын мәлімдеді. «Адвокаттың қорғауында істер санаты әртүрлі. Басқа істерге де қорғаушы ретінде қатысып жүрген. Сондай қылмыстық құқық бұзушылық бойынша күдікті ретінде танылған» делінген мәлімдемеде.

«Журналистер ісі» әзірге тоқтап тұр. Еске салайық, бұл іс бойынша екі ер адам және екі әйел адам жауапқа тартылуда. Оның үшеуі журналистер. Бірі бұрынғы депутат. Журналистерге аудандық мешітте қызмет еткен тұлғаға ұйқы шақыратын препарат беріп, оның дәрменсіз халін пайдаланып, шешіндіріп бейнекамераға түсірген және ғаламторға жүктеген деген айып тағылып отыр.