Мақсұт Исахов тосын мәлімдеме жасады

406

Шымкент әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Оған ірі көлемде пара берді деген айып тағылған болатын. Осыған байланысты бүгін куәгерлер сөзі тыңдалды.

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін оқиғаның мән жайы сотқа куәгер ретінде қатыстырылған ҰҚК-нің Шымкент қалалық департамент бастығының экс-орынбасарынан сұралды. Ол тергеу изоляторында отырғанына байланысты процеске онлайн түрде қатысты.

«Менімен кездесуге араға таныстар салды. Кездесу кезінде пара беру бойынша сөз болғандықтан келесі кездесуді ұйымдастыру бойынша басшылықтан рұқсат сұрадым. Басында 100 мың деп жазып көрсетті. Кейін бағаны 200-ге көтерді. Біз «Метро» супермаркетінің автотұрағында кездестік. Сол жерде қандай дүкенге жіберетінін келістік. «Асқарға» деген кілтсөз болды. Егер қателеспесем. Ол ақшаны келесі күні жеткіземін деген. Бірақ хабарласып сол күні жеткізгенін айтты. Мен бұл туралы жедел-тергеу тобының басшысына хабарладым. Жедел-тергеу тобы сол жерге барып, айғақ затты алып кетті», – дейді куәгер Манат Сарбасов.

Сарбасов өз сөзінде күдіктімен бұған дейін таныс болмағанын, сондықтан да араға таныстары түсіп, кездесу ұйымдастырғанын айтқан еді. Алайда Мақсұт Исахов Сарбасовпен бұған дейін де, яғни 2021 жылы жұмыс барысында Адырбеков көшесінде кездескенін айтты. Сезіктінің сөзінше ол кезде куәгер спорт мектебінің басшылығына өз адамын қоюға көмек беруін сұраған көрінеді. Алайда экс-шенеунік ол өтінішті орындамаған.

«Есіңізге сала кетейін, біз Адырбеков көшесінде сіздің шақыруыңыз бойынша кездескен едік. Сіз маған телефон шалып, кездесуге шақырғансыз. Ол кезде басқарма бастығы едіңіз. Адырбеков көшесіндегі құрылысты тексеруге бара жатқанымды айтып сол жерге шақырғанмын. Сіз шығыс жекпе-жек спорт мектебінің директоры орнына Сұлтанды қоюды сұрадыңыз. Ол кезде Сұлтан спорт мектебінің орынбасары болған. Сіз қара папканы көрсетіп, оның үстінен құқық бұзған сәттерін дәлелдейтін қарсы айғақтың бәрі бар дедіңіз. Алайда сол кездегі мектеп директоры өз жұмысын жақсы атқарып жатқандықтан мен сіздің өтінішіңізді орындамадым. Кейін депутаттарға Исахов менің өтінішімді орындамады. Кегімді аламын деген екенсіз», – дейді Мақсұт Исахов. 

«Мен ешқандай өтініш айтпадым. Менің оған қатысым жоқ», – дейді Манат Сарбасов.

Күдіктінің қорғаушысы куәгердің сөздері бір-біріне кереғар келетін тұстары бар екенін айтады. Сондықтан сұрақты бірнеше қайтара қойғанмен ҰҚК-нің Шымкент қалалық департамент бастығының экс-орынбасары Манат Сарбасов кейбір ақпараттың есінде жоқ екенін айтумен болды. Сонымен қатар заңгер куәгерден әйелінің әлеуметтік желіде тарап кеткен сөздері қаншалықты қисынға келетінін сұрады.

«Сіз әйеліңізге жұмыс барысы жайында айтасыз ба? Себебі бұған дейін сөзіңізде мемлекеттік құпия туралы айтып жатырсыз. Бірақ әйеліңіз блогер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында Исаховтың ісінен кейін отбасыңызда мәселе туындағанын айтады. Сонымен қатар Исаховты ұстауға жоғарыдан үкім келген. Оны менің күйеуім толық орындап шықты. Бірақ неге менің күйеуім оған жауап беруі керек» деген сөздер айтқан. Мұны сот барысында пайдалануыңызды сұраймыз, құрметті судья мырза», – дейді заңгер Жания Бодау.

Ал Сарбасов қазір тергеуде отырғанына байланысты жарының айтқан сөзінен бейхабар екенін жеткізді. Сот жалғасуда. Түске дейін тек 1 ғана адамнан сұрақ-жауап алынып үлгерді. Ал түстен кейін тергеу барысында екі тараптың кездесуіне ықпал етті деп танылған азаматтардың жауабы тыңдалды.