Бесікке бөленген Мейіржан «Отырар» телеарнасының сәбиі атанды

852
Ұлыстың Ұлы күні Наурызда туған Мейіржан "Отырар" телеарнасының сәбиі

Қасиетті Рамазан айында сауапты іс жасауды жерлестеріміз парызы санайды. Оның бір дәлелі — Шымкенттегі мамандандырылған «Бөбектер үйінде» бесік тойы өтті. «Ана үйі» қоғамдық қорының «Үйдегідей» деп аталатын жобасын жүзеге асыру мақсатында бүгін аталған мекеменің бес бүлдіршіні бесікке бөленді. Оның бірі — Мейіржан — біздің телеарнамыздың сәбиі атанды!

Шымкент қаласындағы мамандандырылған бөбек үйінде өткен бесік тойынан көрініс

Небәрі 3 айлық Севильді денсаулық сақтау саласының ардагері Сәуле Баратқызы бесікке салды. Көпті көрген ақ жаулықты ана салт дәстүрімізбен Ұлыстың Ұлы күні дүниеге келген егіздің сыңарын ақ бесігіне аялап бөледі.

Севильдің сыңары Сұлтан есімді ұл бала. Оны бесікке бөлеу — қонақтардың арасында А. Пушкин атындағы кітапхананың қызметкері Баян Ізбасароваға бұйырды. Балғынның болашағына ықпалы басым халқымыздың бұл рәсімнің баланың денсаулығына, тез өсіп жетілуіне пайдасы мол екендігін бүгінде әлем мойындады.

Баян Ізбасарова, кітапхана қызметкері: «Бесік бала үшін шағын ғана үйі. Таза  болады, ұйқысы тыныш, анасы осы кезде үй шаруашылығындағы жұмысын тындырады. Балам бесіктен құлап қалады деп  анасы уайымдамайды».

Мамандандырылған бөбектер үйінің тәрбиеленушілерін бесікке бөлеу рәсімі «Үйдегідей» жобасының аясында жүзеге асуда. Жыл басынан қолға алынған игі бастаманың нәтижесі де жетерлік. Жарты жыл ішінде тағдыр тауқыметін туа сала арқалаған бейкүнә сәбилерге жағдай үйдегідей жасалып, мүмкіндігі шектеулі балалардың дамуында оң өзгерістер болатынына мекеме басшысы сеніммен қарайды.

«Үйдегідей» жобасы аясында 80 тәрбиеленушінің 20-сы өз ата-аналарының тәрбиесіне берілді, 4 -і мейірімді жандардың қамқорлығында. Ал он жылдан астам уақыт бұрын ашылған «Үміт» тобындағы 26 балаға да қамқоршылар міндетті түрде табылады деген үміт басым. Оған дәлел бүгін «Отырар» телеарнасының ұжымы Жыл басы — Наурызда дүние есігін ашқан Мейіржан Сәрсенханға қамқоршы атанды.

Бұл жауапкершілікті отырарлықтар жақсы сезінеді. Және Мейіржанның мейірімді, иманды, дені сау болып өсуі үшін аянбайды.

Шынар Оразова