Мархабат БАЙҒҰТ: Шын тұлғаларды танып, мойындау мен бағалай білуде кілтипан көп

1032

Сөз зергері. Көркем сөздің көсегесін көгерткен қарымды қаламгер. Күнгейдің Марқасқасы. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұтпен сырлы сұхбатымызды ұсынамыз.

 – Тәуелсіздіктен бергі уақыт аралығындағы әдебиеттің дамуына көңіл тоғайта аласыз ба? Қалам ұстаған қауым дәл қазіргі заман шындығын көркем тілмен кестелеген шығармалар дүниеге келді ме?
– Осыдан жүз жыл бұрынғы, жүз жыл ілгерідегі кейбір елдердің, бүгінде өте-мөте өркениетті, мәдениетті саналатын мерейлері үстем мемлекеттердің көркем әдебиеті тарихын, қалай дамығанын там-тұмдап оқимыз ғой. Байқап отырсаңыз, оларда да тап қазіргі қазақ әдебиетіндегідей хал-ахуал болған екен. Оларда да «Біздің көркем әдебиетіміз тоқырады», «Заманға лайық, ғасырлық кесек-кесек романдар жиырма отыз жыл бойы жазылмай келеді», «Драматургия дағдарысқа ұшырады», «Әдебиетке келуші жастар азайып кетті» дегенге дейін уайымдар аз айтылмаған, аз жазылмаған. Өтпелі кезеңде қазақ әдебиетінде де тежелістер, іркілістер, кідірістер көп кездесті. Олардың себептері сан алуан. Көзі қарақты жұртшылық жақсы біледі. Өлшем өзгерді. Құндылықтарды қасиеттеу, қадірлеу, бағалау жөніндегі көзқарастар мұқым мүлде басқашаланды. Жалпылама айтқанда, шамамен айтқанда қысқа ғана қайырғанда осылай. Ал бәрін тізбелеп жөнелсек тым ұзатып алармыз. Қайткенде де қазақтың көркем әдебиеті жасалып жатыпты. Жерлесіміз, жауһар жазушы, дара драматург Дулат Исабеков бүгінде бүкіл әлемді шарлай бастады. Прозасы мен драмалары ағылшын тіліне, өзге де тілдерге тәржімаланып, туындылары Санкт Петербург, Омбыда, Қазан мен Уфада, Ташкентте, Оңтүстік Кореяда, Лондонда сахналануда. Үш-төрт жылдан бері Ұлыбританияның сүйікті жазушысына, даңқты драматургіне айналды. Мұхтар Мағауин ағамыздың дүр дүниелері қай-қандай тараптардан да жоғары бағаланып жүр. Әкім Таразидың, Бексұлтан Нұржекеевтің, Тынымбай Нұрмағамбетовтың, Таласбек Әсемқұловтың, Несіпбек Дәутайұлының, Жәлел Кетебектің, Жүсіпбек Қорғасбектің, Тұрсынжан Шапайдың, Нұрғали Ораздың, Қуандық Түменбайдың, Асқар Алтайдың, Роза Мұқанованың тағы басқалардың Тәуелсіздік тұсындағы туындылары қай-қандай талғамдарыңызға да жауап бере алады. Біз бұл жерде тек проза төңірегін тәптіштеңкіреп отырмыз. Ал қазақ поэзиясының сапасы биіктеп, көркемдік құнары арта түскені, ақиық, аймүйіз ақындардың қатары қалыңдағаны мойындалған ақиқат. Бәрібір көп нәрсеге көңіл толады, бәрі ғажап, керемет демектің тіпті де жөні жоқ. Қазақтайын қаны таза, көркемниетті ұлтыңыздың көркем әдебиеті де басқалардан бөлекше, ерекше болмағы ләзім.
– Жазушылықтың өзіңізге пайдасы тиген кезі болды ма? Қазіргі табыс көзіңіз қайдан?
– Кеңестік кезеңде қаламақы да, кітаптардың таралымы да жүйелі жолға қойылған еді. Бірақ жұқалтаң ғана үш -төрт кітап шығарып, жұқалау қаламақы алып, ал енді «Қорғансыз жүрек» деген үшбу жинағым үшін «үш еліге жуық боп шығайын деп жатыр ғой, бір жырғап қалармын, темір көлік алармын» деп жүргенімде 1993 жылы рубль құнсызданды. Сөйтіп сол кітапқа екі айлық жалақымыз көлемінде ғана ақша келіп тұрғанын бір-ақ көрдік. Одан кейін қаламақы мәселесі кілт тиылды емес пе? Бір қуанатынымыз: әлгі «Қорғансыз жүрек» үшін маған халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді. Ол кезде бұл сыйлықтың беделі өте биік еді. Қазақстаннан екі-үш жылда бір рет үш адамға ғана, қалған екеуі басқа елдердің қаламгерлеріне берілетін. Бүгінгі табыс көзі – зейнетақымыз және «Қазығұрт.KZ» жинағына аздап көмектесемін. Бас редакторлықты жетпіс жастан кейін жастарға өз еркіммен тапсырғаным аян-дүр.
– Мына жауабыңызға орай тағы бір сауал туындап тұрғаны. «Жастар жұмыс істесін» деп кейінгілерге өнеге көрсетіп, зейнеткерлікке дер уақытында шықтыңыз. Бүгінде жастарға жол бергісі келмейтіндерге не айтар едіңіз?
– Біршама жұрт біледі: 2008 жылы 25 мамыр күні түске дейін сол кездегі ОҚО Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып отырдым да, түстен кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңірі (Жамбыл, Қызылорда, ОҚО) бойынша арнаулы тілшісі болып тағайындалғаным туралы бұйрық телефакспен келіп жетті. Сол күні зейнет жасына толғанмын. Екі апта бұрын облыс әкіміне өтініш бергенмін. Бұл бастамамызға «Қайдағы бәлені бастадыңыз…» деп қатты ренжігендер де болды. Бір тәуірі – содан кейін 63-ке толғандардың басшылық қызметті тапсыруы көбейгендей сезілгені рас. «Зейнет жасына жеткеннен кейін жастарға орын босатқан дұрыс» деген көзқарастамын.
– Әдебиетте қалам тербеп жүргендердің кейбірінің шығармасы бір жақта, адами болмысы бір жақта лағып жүреді. Шығармасын оқысаңыз сүйсінесіз, «не деген керемет …» деп тамсанасыз, алайда шығарма иесінің кейбір пендеауи тірліктерін көріп, түңілесіз. Шығарма мен шығарма иесінің қабыспауы неліктен? Пендешілігі көп адамнан шедевр шығарма шығуы мүмкін бе?
– Бұл өте-мөте күрделі де қиын мәселе. «Ақындық Алладан, Жазушылық Жаратқаннан» дейміз. Адам баласын Тәңір Иеміз көркем мінез үшін жаратқаны аян. Жер-Ананы да, табиғаттың таңғажайыптарын да, өзге дүниелерді де, негізінен адами затыңыздың игілігі үшін үйлесіммен жаратқан. Үйлесімді, ұнасымды, жарасымды бұзатын да, бүлдіретін де біздерміз, пенделерміз, адамдармыз. «Ақын болмақ – міндетті емес, азамат болмақ – парызың» дегенді аяулы ақын Некрасов айтқан. Өзі негізінен мейірімділікті жырлаған. Әртүрлі әдістермен. Сауалыңызға нақтырақ жауап бермек оңай емес, әрине. Әдебиеттің, жалпы өнердің тарихына жай-жапсарларына үңіліңкіреп қарасаңыз үйлесімге, ұнасымға, жарасымға қайырымдылыққа қалтқысыз қызмет етуге парыздар қаламгерлердің арасында шығармашылықтары арқылы сол борыштарын адал өтегендері мен жеке өз бастары керісінше кереғар ғұмыр кешкендері тіпті де аз болмағанын аңғарасыз. Таңғаласыз. Жұмбақ жағдаяттар, тылсым тағдырлар, адам иланғысыз иірімдер өте көп. Мәселен, менің сүйікті жазушыларымның бірі Сомерсет Моэм небір-небір ғажайып романдар, әңгімелер, повестер мен драмалар, әдеби сын еңбектер қалдырған. Ойларының бір тұсында: «Адамдар олар біз үшін жәй ғана материалдар, жазушылардың жазуы үшін ғана жаралған» деп кергиді. Немістің бір ұлы ақыны бар. Атын атамай-ақ қояйын. Сол данышпаныңыз бүкіл әлем бойынша ең ойнасшыл, көңілдес әйелдері көп болған қаламгер. Шедевр шығармаларына қарап олай ойламайсыз. Кейбір жазушылар жауыздықты, басқа да қылмыстарды шектен тыс бейнелей беріп, күндердің күнінде өзі де сол жауыздықты, өзге де жат қылықтарды жаратылысына жұқтырып алатын секілді сезіледі. Пендешілік тірліктері түңілдіретіндей талант иелері қазекемде де болған. Бар. Бола берер. Жауабы қиын жұмбақтың бірі де осы. Бұл мәселелер жөнінде Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Иірім» және «Жазмыш» кітаптарында, Мұхтар Шахановтың «Шәмші ғұмырының геометриясы» жинағында біраз мәселелер баяндалады.
– Бүгінгі таңда жарқ етіп шыққан шедевр шығарма аз. Тіпті жоқтай көрінетіні де рас. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болған жылдарға, гүлденген жұлдызды шағына біз де осымен толық нүкте қоямыз ба?
– Жарқ етіп шығатын шығармалар пайда болғанның өзінде оны дер кезінде байқайтын, бағалайтын қоғамыңыз, қалың оқырманыңыз жоқ. Мәселен, екі-үш жыл бұрын Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай…» атты романы алғаш «Жұлдыз» журналында жарияланды. Кейін кітап болып басылды. ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1916 жылғы қазақ қасіреті көркем де шынайы бейнеленеді. Қорғансыз қазақ қырғынының қасіреті арқылы Алаш тағдыры айтылады, жан-жақты ашылады. Қат-қабат тартысты дүние. Бүкіл ұлтымыздың бағалап, жаппай жұмылып-ақ оқитын романы осы еді. Өкінішке қарай, селт еткендер аз болды. Белгілі бір әдеби қауым, бірен-саран қаламгер, ондаған оқырман ғана толғанды. Тебіренді. Сондықтан «әдебиет – дағдарыста, күйзелісте» дегенге, «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры артта қалды, жарқ еткен дүниелер жоқ» дегенге онша қосыла алмаймын. Классик, аға досым Дулат Исабеков әзіл шыны араластырып: «Мұхаң, Мұхтар Әуезов дәл қазіргі кезде пайда болып, «Абай жолын» жазғанда дәл бұрынғыдай бағасын ала алмас еді» дегенді бекер айтпайды-ау. Интернетіңіздің жағымсыз жақтары көркем әдебиетіңізге деген талғамды желпілдетіп, жалпылдатып, жеңілтектендіріп жіберді. Күндердің күндерінде, жылдардың жылдарында адамзатыңыз шынайы көркем әдебиетке, киесі биік кітап әлеміне бұрынғыдай болмаса-дағы белгілі бір бойлықтар мен ендіктер арқылы аңсай сағынып қайта оралады деген үміттеміз.
– Бүгінгі қоғам мүшелері әрқашан кешегіні мақтайды. Өткен шақ келмеске кетсе де қалаулы. Қаламгерлер өзінен кейінгі әдебиетке келген жастарға неге сыншыл?
– Бәрібір Тәуелсіздікке тәубе деуден, азат Алаштың, қасиетті қазақтың мүддесіне қызмет етуден танбауымыз керек. Сыншылдықтан келер зиян жоқ. Кемеңгер суреткер Мұхтар Әуезов: «Адамды мақтау емес, сын ширатады» деген.
– Қазіргі поэзияда аты танылып жүрген жастар көп. «Қара сөзден өлең оңай…» болғаннан шығар, бәлкім. Ал прозада қалам тербеп жүрген жастардың қарасы тым селдір. «Неліктен?» деген салмақты сауал туындайтыны рас…
– Бүгінде бір шоғыр таланттардың, оның ішінде біздің Бақытжан Алдиярдың ақындығы биік бағаланады. Оның ізінен ілескен Батырхан Сәрсенхан, Әлімжан Әлішер, Мұқағали Кенжетайұлы, Сүндет Сейіт, Нүркен Нұрғазы, Арайлым Мұраталиева сияқты жеті – сегіз жас қалам иелері аға буынды айырықша қуантады. Прозаның бейнеті – батпандай, азабы – ауыр. Десе де Абылайхан Есімбай сияқты дарынды жастар үміттендіреді. Сан көбейткеннен сапа арттырған жөн шығар. Мемлекеттік деңгейде қаламақы мәселесі мәністеледі деген сенім нығайтады. Жастар да ұмтылар қаламгерлікке, көркем, қара сөзге құлшынар. Неғыпты сонша…
– Ұлттың озық ойлы азаматтары ұлтты дұрыс жолға бағыттап отыруы тиіс. Оларды тұлға дейміз. Олардың қатары көптеу еді. Бұрын. Бүгінде ондайлар көп деп айтуға тіл күрмеледі. Кейде қорқыныш ұялайды. Солардың өзі кетсе қазақ кімді тұлға деп таниды? Бүгінде ұлтқа тұтқа болатын кімдер?
– Қазір барлық нәрсенің, барлық саланың, барлық мамандықтың беделі төмендеп кетті дейміз. Ақсақалдықтың абыройы да аяғын ақсаңдап басады. Үлкендердің жөнді жүйелі сөйлеуі, сөзі мен ісінің бір жерден шығуы, жастарға ақыл айтып бәтуаға қол жеткізуі де құлдырады. Мұғалімнің, дәрігердің, зиялылардың абырой беделін төмендетіп жібердік. Журналистердің де, соған қарай БАҚ-тың да беделі бәсең. Әдебиетіміздің құндылықтары құлдырағанын меңзеңкіредік. Ақынның абыройы, жазушының беделі қандай? Көбінесе, күрсінесіз. Неге? Сауалдар саулайды, жауаптар қаулайды. Бүгінде арыз жазғыштарды да, ептеп-септеп бір-екі кітап шығарған шығармашылдарды да, әлдекімдерге жаздырып немесе жөндетіп, құрастырып, бірдеме домбаздайтындарды да, отбасылық «шежіре» шертетіндерді де «жазушы» деп түсінушілік, кім болса соның өз аты-жөнінен кейін жазушы деген жауһар сөзді тіркей беретінге айналуы күлкілі болып барады. Тәкен Әлімқұлов сияқты классиктеріңіздің өзі «пәмилесінің» (сол кісінің айтуы) соңына жазушы» деп көрсетуге қорқамын деуші еді. Ал шынтуайтына келгенде әдебиет – әулие әлем! Тұлға дейсіз бе? Тұлға, қайраткер деген ұғымдардың да қадір-қасиетін төменшіктетіп жібердік қой. «Жазушы» дегендейін бүгінде екінің бірі «тұлға», үштің бірі «қайраткер». Сондайлар: «Мен», «Мен!», «Мееенн!!!» дейді. Тәуелсіздікке, егемендікке, жекеменшікке қол жеткізуімізге байланысты индивидуализм мен интеллект алға шығуы керек еді. Олардың орнына эгоизм, өжеңдеген өркөкіректік, өңмеңдеген менмендік өршіп кетті. Тұлғалар туралы қауіптенбейміз. Ұлт болған жерде, қазақтай қаны таза халық тұрғанда тұлғалар да туа береді. Қазір де бар. Аз емес. Алайда шын тұлғаларды тану, мойындай білу, тыңдай білу, бағалай білу жағында кілтипандар көп. «Даңқтың дабылкеші болмай-ақ, мақсаттың құлы бола білсек жетеді» деген ғой Жүсіпбек Аймауытов. Текті тұлғалар атақ даңқ іздемей-ақ, қу дүниеге құнықпай-ақ ұлт үшін үндемей-ақ тірлік тындыра береді.
– Талғампаз қаламгерсіз. Жалпы сіз үшін талғам эталоны не?
– Әрбір адамның ішкі сүзгісі болмағы ләзім. Ол сүзгінің сапасы адамзаттың Абайы айтқан жүрекке тікелей қатысты. «Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек. Періште төменшіктеп, қайғы жемек» дейді Құнанбайұлы. Әлбетте ешкім де періште емес. Бірақ талғам таразысын ластайтын, эстетикалық, этикалық адамгершілік өрелер мен өрістерді былғайтын нәніпәтір нәрселерді көргенде, сезгенде періште көңіліңіз қатты-қатты қорланады емес пе… Сондай сәттерден қорытынды шығара алғанға не жетсін-ай, не жетсін…
– Сізді мойындағандар көп қой, өзіңіз кімді мойындадыңыз?
– «Мен пәленшені мойындамаймын» деп айтқан емеспін. Айта да алмаспын. Мойындайтын мықтыларымыз мыңдап саналар.
– Бізде қазір сарай ақындары көбейіп кеткендей. Ұлтқа қызмет еткеннен гөрі ұлыққа қызмет еткенді қолай көретіндер көбейді. Қаламын қару етіп үркітуді ойлайтындар да жоқ емес. Тұлға дәрежесіне көтеріле алмағандарды қоғам қайраткері деп дәріптейтіндерге не айтасыз?
– Бұл сұрағыңызға Абай айтқандай періштенің жабығуы, қорлануы арқылы жауап бердік-ау…
– Өзіңіз мұндайдан адасыз ба?
– Меркі ауданында жетпісінші жылдары өткен бір кездесуде Бауыржан Момышұлына бір мұғалім әйел: «Бауке ағай, біз сізді атақты батыр, кәмәндір, қолбасшы деп жүрсек, сіз жазушы екенсіз ғой?» дегені айтылады. Сонда жауынгер қаламгер: «Иә, шырағым, артыма қарамай жазушы боп жүрмін. Сен де артыңа қарамай мұғалім боп жүр екенсің ғой» депті. Сол кісі тағы да: «Кемшілігі жоқ адам – адам емес. Мәселе сол кемшіліктерді мойындап, түзете білмекте» деген ғой. Менде де кемшіліктер тым көп, айналайын. Кейбіреулерін түзететін сияқтымын. Кемшілікті жөндеп үлгере аламыз ба? Алла біледі.
– Ақын да, жазушы да, ғалым да әкімнің қолынан пәтердің кілтін алып, ат мініп, баласын лауазымды қызметке орналастырып жатады. Әкімі ақынына жағдайын жасап, қолын қайтармаса әрине ақын да қолынан алғаннан кейін тілі тұсауланады. Тіл тұсалған соң, тәуелді болып қалады. Тәуелді адам тәуелсіз сөзді қалай айта алмақ?
– Ақындығы Алладан, жазушылығы Жаратқаннан дарыған дарындар, шынайы ғалымдар шын сөзін айтпақтан, халқына, ұлтына адал қызмет етпектен танбайды. Әрине ара-арасында арын сатып жіберетіндер де болмай қалмайды. Саудагершілікті дерт меңдеген заманда ондай қылық та қаулайды.
– Қай заман болса да қайран Қазақстан Жазушылар Одағының басынан дау арылмады. Айқай-шудың ортасына да, ордасына да айналғандай. Бұған не дейсіз?
– Уақыттың аса күрделілігі, ақпараттық айқастар мен шайқастардың ушығуы, тұрмыс тіршіліктегі, табыс табудағы кереғарлықтар мен қайшылықтар адамзатыңыздың «Ақша Құдайға» құл болуы, өлшемдердің өзгеруі, парақорлықтың асқынуы, адамгершілік құндылықтардың құнсыздануы сияқты толып жатқан құбылыстар кім-кімнің де жүйкесіне ауыр да азапты салмақтар түсіріп жатыр-ау.
– Қазақстан жазушыларының кезекті XV құрылтайына қатыстыңыз. Жаңа төрағасы сайланды. Сол жиында ұлтқа ұстын болуы тиіс біраз қаламгердің маскасы сыпырылып, масқарасы шықты. Бұдан қандай ой түйдіңіз?
– Мен төралқа құрамында отырып, айтысып-тартысып, дауласып-жауласып жатқандардың бет-жүздерін емес, желкелерінен бақыладым. Адамның ту сыртынан, желкелерінен де талай нәрсе байқалады ғой…

– Қаламгер – қоғамның тамыршысы. Қоғамда соңғы әлетте болып жатқан оқиғалардың қайсысы қабырғаңызды қайыстырып жүр? Жер дауы, Сарыағаштағы бала оқиғасы… Қысқа қайырғанда…

– Әңгімелерім мен повестерімде, драмаларым мен публицистикамда жер мәселесін, өркөкірек латифундистердің неліктен көбейгенін, жекешелендіру жылдарында жерді, мүлікті, халыққа ортақ қазынаны пысықтықпен иемденіп, кейіннен кертіп сатып, кергіп кеткендерді өреміздің жеткенінше бейнелеп-ақ жүргендейміз. Қаракөлеңкелі тұстарымызда қара жұмыстардың атқарылмай жатқанын да шырылдап айтамыз, жазамыз. Тәуелсіздік мәуелері аз емес, әрине. Алайда омыртқаны майыстырар олқылықтар, қабырғаны қайыстырар қиын құбылыстар сол Тәуелсіздікке зиянын тигізбесе дейміз ғой. Байлары зорсынбайтын, кедейлері қорсынбайтын қоғамға қол жеткізгенде ғана Мәңгілік ел мұраттарын жемісті жүзелей алатынымыз анық.
– Облыс орталығын көшіруді тарихи шешім деп қабылдай аласыз ба? Алдағы уақытта облыстың болашағы қандай болмақ? Мақтарал мен Сарыағашты бөлуге деген көзқарасыңыз…
– Осыдан жүз жыл бұрын 1918 жылы Түркістан Республикасы құрылған. 2018 жылы облыс орталығының Түркістанға ауысып, Шымкенттің үшінші ірі мегаполис мекенге айналуы қатты қуантады. Жұмыла жұмыс істесек, қазекемнің бірлігі мен ынтымағын көздің қарашығындай сақтай білсек, енді 15-20 жылдан кейін осы Оңтүстіктен және бір жарқын облыс ашылып, оның орталығы Сарыағаш немесе Жетісай болуы да бек бәлкім.
– Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тұсында анимациялық фильм түсіру жиіледі. Сол фильмдерді көресіз бе, қандай баға бересіз?
– Әлімізге қарамай әкімдерге ат қойып, айтулы мақалалар жазушы едік бұрынырақта. Алғашқы әкім Марс Үркімбаевқа ғалым әкім, қиын жылдары жалындаған Зауытбек Тұрысбековке жалын әкім, алымды да шалымды Қалық Абдуллаевқа алым әкім, Сапарбаевқа арын әкім деген «аталымдар» бергенім бар. Кейінгілерін алсақ, Асқар Мырзахметовке жұмыскер әкім, Бейбіт Атамқұлов ғарыш саласына ауысқаннан кейін ғарышкер әкім дедік. Ал Жансейіт Түймебаев қай-қандай салада да табыскер әкім деп жүрміз. Бюджеттің бұрынғыдан еселеп қиындағанына қарамай барлық бағыттарда табыстар татымды. Анимациялық фильмдер туралы айтар болсам, бастысы ізденіс жақсы, ниет түзу, талпыныс жақсы. Кеткен кемшілік болса алдағы уақытта түзелер. Облыс орталығының ауысуы, Шымкенттің жеке шаңырақ құруы, Мақтаралдың екіге, Сарыағаштың екіге бөлініп, енші алысуы, экономикалық әлеуметтік жетістіктер өзіңіз айтқандай анимациялық филмьдер мәселесіне дейін бәрі-бәрі табыскер әкім деуге толыққанды дәлелдер. «Билік буындарындағы қай-қандай басшы болсын «Жүсіпбек Аймауытовтың «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз… Олай болса мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» деген қағидасын жүректеріне жазып қойса» дер едік.

Сұхбаттасқан: Гүлжан КӨШЕРОВА

фотосуретті түсірген: Әйгерім Бегімбет